Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Тәуелсіздікті ұлықтау

Кеше 16-сы күні отбасымызбен Тәуелсіздік Алаңына барып, Желтоқсан көтерілісіне арналған ескерткіш пен Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойдық.

Ескерткіштің жанында көтеріліс құрбандарына Құран оқытылып жатыр екен.

Көргенім ойға салды. Суреттегі бір топ адамдар тарағасын, ескерткіштің маңы қусырап қалды. Елдер ағылып-төгіліп келе ме деп ойлағам. Әсіресе жастарды көрем деп үміт арқалаған едім. Әрине, суреттегі елдің біразы жастар болды. Бірақ халқы 1,5 млн-нан асатын Алматы шаһарына бұл өте аз емес пе? Оңтүстік Астанамызды елдер жастар қаласы деп атайды. Білмеймін.

Бәлкім, осындай ахуалдың орын алуы жастармен жүргізілетін идеологиялық жұмыстың жеткіліксіздігінен шығар. Дегенмен, ескерткіштің жанында жалынды өлең жолдарын оқып тұрған жас ұрпақ өкілін көріп, жүрегім елжіреп қалды.

Жанындағы балақайдың қолындағы түсіп кеткен туды жөндегенін көріп, отансүйгіштік пен ұлтжандылығы бар осы ұрпақ тұрғанда, еліміздің абыройы берілмейтініне нық сеніммен қараймын. Тәуелсіз санасы қалыптасқан жас ұрпақ - жаңа Қазақстанның тірегі.

Тәуелсіздік монументіне жол алдық. Айналасы қаңылтырмен қоршалып, маңы өткендегі болған жөндеу жұмыстардан кейін лай болып жатыр екен. Атамның гүл шоғын қойып жатқан сәті:

Монумент жанында да адам көп болмады. Біз түске жақын келген едік, мүмкін, таңғы мезгілде адам көп болған шығар. Гүл шоғы да көп емес.

Тәуелсіздігімізді асыл мұра тұтқандар ескерткішке тек гүлдер ғана емес, өлең жолдарын да қалдырып кетіпті:

Байқасаңыз, бұл жай өлеңдер емес, әрбір жолдың бірінші әрпі тұтас сөздер қалыптастыратын акроөлеңдер:

Азаттығымыз үшін өмірін қиған Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың суреті де тәуелсізділікке қандай құн төлеп қол жеткізгенімізді есімізге салып тұрғандай:

Тәуелсіздігіміздің 20-жылдық мерейтойымен, құрметті жарандар, отандастар! Қазақстанымыз дамып, гүлдей берсін! Тәуелсіздігіміз нығая берсін!

0
3
2671

Осы тақырып бойынша

Тәуелсіздікті ұлықтау - Yvision.kz