Тәуелсіздік - еліміздің басты құндылығы
Тәуелсіздік бізге не берді?
Бұрын "Қазақстан" деген елдің барын әлем түгел білген жоқ. Біз Одақтың шекпенінің астынан көрінбейтінбіз. Бір провинциясы сияқтымыз. Географиялық картада бармыз, бірақ, кейде оған да "СССР" деп қызғылт түспен белгіленген ел түсіп, біз мүлдем жоғалып кететінбіз. Басшыларымыз, Алматы қаласындай астанамыз сөз жүзінде бар болғанымен, билікті өзімізге бермеді. Бәрі Мәскеу арқылы шешілді. Біздің басшыларымызды да Мәскеу ауыстыратын. Өзіміздің таңдауға еркіміз жоқ. Қатыгез өгей шешенің тәрбиесіндегі жетім ұл сияқтымыз. Бас көтерсек, тоқпақтайды. Қыран қанаты талар ұлан-байтақ жеріміз болғанымен атамекенімізде басқа ұлттардан аз едік. Облыс орталығы Гурьев қаласы (қазіргі Атырау) мұнайлы өңірде орналасса да, көшелерінің көбінде асфальт жоқтығынан жаңбыр жауса ми батпаққа айналатын. Ал, біздің ауданның орталығы Ганюшкин (қазіргі Құрманғазы) ауылының көшелерімен көлік жүрсе, шаңы аспанға шапшып жататын. Адамдар таң атысынан күн батқанға дейін бел жазбай еңбек етеді. Алатыны бір жалақы. Көлік алу үшін, тіпті мотоциклге де кезекке тұрады.
Қазір ше? Әлем бізді Тәуелсіз ел ретінде мойындады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы ішкі және сыртқы саясатының арқасында көп нәрсеге қол жеткіздік. Солтүстігіміздегі бәрін таптай салуға әзір алып аю мен шығыстағы жұта салудан тайынбайтын аждаһаның ортасында тұрып бейбіт өмір кешу көрегенділік. Халықаралық аренада да беделіміз артты. ЕҚЫҰ, Ислам конференциясы сияқты халықаралық ұйымдарға төрағалық еттік. Ішкі саясат та барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталды. Осы орайда қабылданған түрлі бағдарламалар өз жемісін берді. Жыл сайын жалақы, зейнетақы, жәрдемақы өсірілді. Әлемді жайлаған дағдарыстар кезінде де Қазақстан өз азаматтарының иығына тұрмыс тауқеметін түсірмеді. Бүгінде Атырау бірнеше көпірі бар, зәулім ғимараттар бой көтерген, шын мәніндегі мұнайлы астанаға айналды. Құрманғазы ауылының да көптеген көшелеріне асфальт төселіп, архитектуралық кескін-келбеті шырайлана түсті. Қазір еңбек етсең, қалай тұрамын десең де өз еркің. Кәсіпкерлікпен айналысып, жағдайын жақсартқандар жеткілікті. Адамдар от жағып, күл шығарудан құтылды. Көгілдір отын келіп тұр. Алыстағы Азғырға да газ барды. Иінағашпен бұрынғыдай жағадан су тасымайсың. Ауыз су үйге тартылған. Тәуелсіздік жылдарында көптеген жаңа жұмыс орындары ашылды. Жұмыссыздар да қамқорлықсыз қалып отырған жоқ. Көше толған көлік. Неше түрін табасың. Осының бәрі бұрын болды ма? Бұл тек Тәуелсіздік сыйлаған жетістіктердің бетінен жұқалап қалқып отырғанымыз. Бәрін жазсам бір постыға сыймас.
Енді, "Игі істерге ұйытқы болған кім?",деген сұрақ туындары хақ. Оған "Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев", деп жауап беретініңізді білемін. "Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас", демей ме бабаларымыз? Нұрсұлтан Әбішұлы "Nur Otan" партиясының төрағасы. Демек, ел игілігін көріп жатқан жұмыстардың басында осы партия тұр. Жақсы істер алға қарай да жалғасын тапсын десеңіздер, барлығыңызды да "Nur Otan" партиясына дауыс беруге шақырамын. Келе жатқан Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Мәңгілік елге айналып, көк байрағымыз қалықтап, Әнұранымыз шарықтап, ісіміз алға басып, даңқымыз алты құрылыққа асып, әлемде мерейіміз үстем бола берсін!
