Мазмұнға өту
Обложка сообщества Әртүрлi

Тұрсынбек Өмірзақов: Қазақ еліне ДСҰ арқылы әлем нарығы ашылады

Қазақстан жуырда ғана Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздерді аяқтады. Осы қадамның маңыздылығы туралы ойымен бөліскен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Тұрсынбек Өмірзақов таңғы бағдарламада қонақта болды.

«Бұл – өте маңызды шарт. Бүгінгі күнге жету үшін біз жиырма жылдай жүріп келдік. Дүниежүзілік сауда ұйымы арқылы әлемнің 98 пайыз тауары айналымға түседі. Енді біздің елдің 90 пайыз тауары әлем елдеріне тарайды. Бұл – үлкен жетістік. Себебі, елімізге ДСҰ арқылы әлем нарығы ашылады», - дейді Тұрсынбек Өмірзақов.

Мәжіліс депутатының айтуынша, Дүниежүзілік сауда ұйымы әлем елдеріне бір ереже жасайды екен. Яғни, барлық тауар бір қалыпта сатылуы керек.

«ДСҰ-ға кіруіміз  кәсіпкерлеріміздің жағдайын көтереді. Себебі, бәсекелестік жоғары болады», - дейді ол.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпан» мұрағатынан көріңіздер.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Қазақстанның ресми түрде Дүниежүзілік сауда ұйымының құрамына кіргендігі туралы хабарланған болатын. Ұйымға кіру жөніндегі келіссөздердің аяқталуына байланысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына үндеуін жолдады.

Қазақстанның үлкен тарихи маңызы бар қадам жасар алдында тұрғанын, келіссөздердің табысты аяқталғанын атай кеткен мемлекет басшысы:

«Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу біздің экономикамызды жаңа көкжиектерге бастайды. Кәсіпорындарымыздың шетел нарықтарына шығуын қамтамасыз етеді. Ал тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауға жол ашады», - деген болатын.

Президент, сондай-ақ, бүкіл әлемге ДСҰ беретін артықшылықтарды пайдалана білетінімізді дәлелдеу қажет болатынын да сөз етті.

«Бұл Қазақстанның қолынан келеді және біз әлемнің озық елдері қатарынан лайықты орын аламыз деп кәміл сенемін», — деп аяқтады Елбасы сөзін.

0
0
328

Осы тақырып бойынша

Тұрсынбек Өмірзақов: Қазақ еліне ДСҰ арқылы әлем нарығы ашылады - Yvision.kz