Тұрсынбек ҚАБАТОВ – қазақ әзіл әлеміне ерекше екпінмен келіп, жаңа леп берген өнер тарланы. Алғаш Көңілді тапқырлар клубында өнер көрсетіп, кейін халықаралық аренадан бір-ақ көрінген Тұрсынбек «Базар жоқ!» театрының тұсауын кесіп, көрермен көзайымына айналды. Бүгінде «Әзіл әлемі» деп атын өзгерткенмен, затын өзгертпеген атақты әзіл-сықақ театрының директоры Тұрсынбек Қабатовпен сұхбаттасудың да сәті түскен еді.
– Ән мен әзілі бірге жымдасқан мұндай театр құру қайдан ойыңызға келді?
– Жалпы, көрші Ресей халқының монолог түріндегі әзілдері маған бұрыннан ұнайтын. Біздің елде де осындай тамаша әдіс әзіл-қалжың театрларында қолданылса деп ойлайтынмын. Содан, сол ойым арманға, кейін мақсатқа ұласты. Астана қаласының әкімі – Иманғали Тасмағамбетовтің тікелей қолдауымен театр шаңырағы көтерілді.
– Сатиралық монолог жанрына жан бітіріп, бағын ашқан жансыз?
– Монолог – менің жаныма жақын жанр. «Ең құдіретті – тіл!», – дейді қазақта. Кейде тіпті сахнада тұрып, тосыннан керемет ойлы сөздер айтылып кетіп жатады. Тауып айтылған мұндай сөз халықтың жадында көпке дейін сақталынып қалатыны сөзсіз. Осыдан кейін сахнаның киелілігін, тілдің құдіреттілігін мойындамай көр!…
– Сізді «Супер тамада» дейді. Сол рас па?
– Бүгінде кімнің бейнесі көгілдір экранда көбірек көлбеңдесе, сол танымал болған заман. Мен өзімді «супер тамадамын» деп айта алмаймын. Өйткені, осы асабалық жолда талай жылдан бері еңбек етіп жүрген, әбден осы өнерде шыңдалған, тойдың басталуы мен аяқталуына дейін өзіндік мәдениетін бес саусағындай білетін жігіттер баршылық. Асабалыққа келгенде, олардың жанында қара жаяу күй кешіп жүрген «тамадасымақтар» көп-ақ.
– «Сын түзелмей мін түзелмейді». Сізге де аз сын айтылған жоқ?
– Бұрынғы нағыз қара қылды қақ жарып, өңменнен өткізе сын айтатын сыншылар бүгінде кемде-кем. Айтылған сындарды ойша таразылап аламын да, дұрыс айтылған сын болса, сол кемшілігімді тез арада жөндеуге кірісемін.
– Дипломсыз-ақ мамандықтың шыңына шығуға болатындығын дәлелдеп бергендердің бірісіз?
– Ия, оныңыз рас. Екі-үш дипломды қалтасына салып, түк бітірмей жүргендерге қарағанда, көрерменнің күйбең тіршілік пен күнкөріс қамын бір сәт болсын ұмытылып, көңіл жадыратуы үшін сахнада барымызда саламыз. Біздің бір ғана мақсатымыз бар – көрерменге күлкі сыйлай отырып, ой салу.
– Тұрсынбек түрмеде концерт берді. Жалпы алған әсеріңізбен бөліссеңіз?
– Биыл төртінші рет түрмеде концерт бердік. Байқаусызда жаза басқан бір қылығы үшін жазасын өтеп жүрген кейбір жандардың өзге көрермендерден онша өзгешелігі байқала қоймайды. Олар да – адам! Олар да өзгелер секілді жылай да, күле де алады…
– Мұхтар Шерім айтпақшы, «күлкі киллерлерін» қайдан жинап алдыңыз?
– Мен басын қосып отырған «Әзіл әлемі» театрының жігіттерін екі топқа бөліп қарасақ болады. Бір тобы – театр саласынан келсе, енді бір тобы – Көңілді тапқырлар клубынан тәжірибе жинаған мықтылар.
– «Бүгінгі сатираны арам қатырып», сатира саңлағының «күлкіден құлап қалуының» сыры неде?
– Біздің, театр мүшелерінің басты қағидасы – театр өнерін дамытуға қолдан келгенше үлес қосу. Сонымен қатар, отандық театр өнерін шыққан биігінен бір елі де түсірмеу! Осы ұлы мақсатымыз Мұхтар Шерім ағамыздың қаламынан туған шығармаға арқау болған болар деп ойлаймын.
– Пародия жанрын жаңғыртып жүрген «Өнер қырандарына» деген көзқарасыңыз қалай?
– Қос қолдап тұрып қолдаймын. Өйткені, бұл да болса әзіл-сықақ театрын дамытудың бір жолы деп танимын.
– Жалпы, біздің елдегі сатираның деңгейі қандай?
– Кезінде бар қазақтың назарындағы театр тек «Тамаша» болса, бүгінде ірілі-ұсақты 18 театр жұмыс істеуде. Бірінен бірі өтетін бұл театрларға көрермен өз талғамына сай барады. Ұнатқан актерін көру үшін билет алатындар да көп. Яғни, әзіл-сықақ театрлары сан жағынан да, сапа жағынан да бұрынғыға қарағанда бір саты болсын өсіп отыр. Көп бар жерде бәсеке де өрши түседі. Ал бәсеке даму үшін жотаңа тиетін ең ащы қамшы дер едім. Ал дамуы керек бір сала болса, осы эстрада саласы дер едім. Өйткені, 1-2 жыл бұрынғы әнін әлі хит етіп орындап жүрген әншілер өте көп.
– Сахнаны тастап, басқа салаға кетіп қалғыңыз келетін кездер бола ма?
– Кейде ондай сезімдерді туындататындай, жұмыстың қажытатыны рас. Бірақ мен ешқашан сахнаны тастап кете алмаймын. Өйткені, мен сахнада тұрып шабыттанам, қанаттанамын. Мен сахна үшін жаралған жанмын!
– Күлдіруге келгенде алдыңызға жан салмайсыз. Өзіңіздің солай күлетін сәттеріңіз жиі бола ма?
– Жоқ, рахаттана күлетін кезім аз екен. Біреу әзіл айтып жатса да, оның қалай аяқталатынын ойша болжап отырамын. Әзіл-қалжыңның ішінде жүргендіктен де болар, мені қарапайым әзілмен күлдіру мүмкін емес. Үйде балаларымның тәтті қылығы мен оқыс айтылған тәтті сөздеріне рахаттана күлетінім рас.
– Тележүргізуші, театр және кино актері, әншісіз… Жігітке тән жеті өнердің тағы қандай түрлері бар?
– Сурет салатыным бар. Көбіне абстракциялық суреттер.
– Сахнадағы әзілқой Тұрсынбек отбасында қандай?
– Өте салмақтымын. Әйеліме адал жармын, балаларыма қамқор әкемін.
– Әзіл-сықақ театрларының көбі полиция қызметкерлерін сахнадан көрсетуге құмар келеді. «Әзіл әлемінде» бұл тақырыпқа соқпақ түспепті?
– Мен ел құқық қызметкерлерінің жұмысын жоғары бағалаймын. Өйткені, басымызға күн туса, аузымызға бірінші түсетіні «полицияға қоңырау шалу». Бір рет «жол полициясы мен патрульдік полициясы бірікті, бұл өте жақсы. Енді барлық полицейлерді біріктіру керек. Бірі құжатын, бірі көлігінен шығатын түтінінің пайыздық зияндығын, бірі жол сақшысының пара алған-алмағандығын тексереді» деп айтқаным бар еді. Жол ережесін бұзбайтын көлік жүргізушісі болғандықтан, жол сақшыларына деген өкпем де жоқ. Құқық қызметкерлерінің еңбегі ерен. Сол еңбегінің жемісін көре берсін деп тілеймін!
АЙГҮЛ ӘЖІБАЕВА
