Тұрғындар мәселесі басты назарда.
Желтоқсан айының 26-шы жұлдызында, Мұнайлы ауданы, Маңғыстау ауылындағы №40 үйдің тұрғыны Мұқтарқызы Орынгүл әлеуметтік желіде өзінің пәтерінде жылу жоқ деп шағымданған болатын.
Мәселе "Nur Otan" партиясы аудандық филиалының бақылауына алынып, Маңғыстау облыстық партия филиалының партиялық бақылау комиссиясының инспекторы Хибасов Арыстан Сахиевич, "Nur Otan" партиясы Мұнайлы аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Марат Абзал, аудандық филиал қызметкерлері және "Мұнайлы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің" басшысы Бисенғали Кенжалиевтерден шұғыл топ құрылып, аталған пәтерге барып, мониторинг жүргізілді.
Пәтер иесінің рұқсатымен, тепловизорды қолданып, пәтердегі жылу жүйесінің температурасы өлшенді. Екі бөлмелі пәтердің бір бөлмесінің жылу жүйесі 63 градусты, екінші бөлмесінде 60 градусты көрсетті. Жылу жүйесінің температурасы жоғары болғанымен, есіктің саңлаулары бітелмеген, үйдің негізгі схемасын өзгертіп, үлкен бөлме мен балконды қосып жіберген. Батерейкалар үлкен бөлмеден балконға ауысқанда, жылу жүргізу ережелері сақталмаған. Қосылған бөлменің балкон жақ қабырғасына орналасқан жылу жүйесінің алдыңғы жағына шкаф қойылған, ондағы түрлі заттар жылуды жібермей, жауып тұрғандығы анықталды. Үй иесіне кемшіліктер көрсетіліп, түсіндірілді.
Ескерту: Құрметті аудан тұрғындары, үйлеріңізге схемалық тұрғыда, немесе басқа да өзгертулер мен жөндеу жұмыстарын жүргізуде тиісті мамандардың көмегіне жүгінуге кеңес береміз.
Біздің тараптан коммуналдық тұрғыда негізгі талаптардың сақталуы қадағаланады.
