Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Тәлімгерлер институтының мемлекеттік қызметтегі рөлі

Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында кәсіби мемлекеттік аппаратты құру міндетін алға тартып, оған қойылатын талаптарды белгілеп берді.

Қазіргі таңда елбасымен алға қойған міндеттерді жүзеге асыру бойынша үлкен жұмыс жасалып жатыр. Солардың бірі - жаңа «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет» туралы» заңның қабылдануы.

Мемлекеттік қызметтің жаңа моделін енгізу талаптарының бірі болып  - тәлімгерлер институтының жандануы табылады.

Тәлімгерлік - қызметшілерді қызметтік міндеттерін өз бетінше орындауға бейімдеу мен кәсіби дайындау үрдісі болып табылады, тәлімгер болса - қызметшіге бекітілген, оның кәсіби даярлығына практикалық көмек көрсететін мемлекеттік қызметші.

Тәлімгерлер институтының жұмысын жетілдіру және реттеу мақсатында, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бұйрығымен тәлімгерлерді тағайындау тәртібі бекітілген.

Мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған тұлғаларға сынақ мерзімін орнату міндетті талап болып табылады. Сынақ мерзімі кезеңінде мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет кірген мемлекеттік қызметшілерге тәжірибелі мамандар арасынан тәлімгерлер бекітіледі. Олар мемлекеттік қызметтің баспалдағын алғаш рет аттаған тұлғаларға практикалық көмек көрсетіп, қызметшіге таңдалған мамандықты игеруге көмектеседі, оған қызметтік міндеттерді түсіндіріп, оларды сапалы орындаудың әдістері мен тәсілдерін көрсетеді.

Бұл ретте тәлімгер оны тәлімгер етіп бекіткен күннен кейін үш жұмыс күні ішінде жеке үйрену және кәсіби дайындық жоспарын әзірлейді. Тәлімгерліктің аяқталуы бойынша тәлімгер қызметшіге қызметтік міндеттерін орындау деңгейі, кәсіби дағдыларының деңгейі көрсетілетін пікір дайындайды.

Қызметкер болса, бейімделу жоспарының орындалуы, басқа орындалған тапсырмалар, тәлімгерлік кезеңінде алынған білімдері мен дағдылары, тәлімгерлікті ұйымдастыру жөнінде ескертулер мен ұсыныстар туралы есеп дайындайды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет саласында мемлекеттік саясатты іске асыратын өкілетті орган ретінде, мемлекеттік қызмет заңнамасының сақталуын қамтамасыз етеді. Осы орайда, Департаментімізде заңнамамен көрсетілген талаптарға сәйкес, тәлімгерлер кеңесі бар. Бекітілген тәртіпке сәйкес тәлімгерлер резерві де құрылған.

Мәселен, ағымдағы жылдың басынан бастап 4 мемлекеттік қызметшіге тәлімгерлер бекітілді.

Бүгінгі күні, сынақ мерзімі бекітілген 3 қызметшінің тәлімгерлермен жұмысына Департаменттің тәлімгерлер кеңесі тарапынан оң баға беріліп, сынақ мерзімінен өтуі жайында шешім қабылданып, олар қызметтерін мінсіз атқаруда. 1 қызметші қазіргі уақытта тәлімгермен жұмысын атқарып жатыр.

Сондай-ақ, тәлімгер болып тағайындалатын тұлғаларды ынталандыру мақсатында, қызметтік борышын үлгілі орындағаны, қызметшінің кәсіби қалыптасуы мен тәрбиесіне қосқан елеулі үлесі үшін тәлімгерлер кеңесі уәкілетті тұлғаға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тәлімгерді көтермелеуді ұсынады.

 

Нұрбану ЖҮКЕНОВА, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Әкімшілік басқармасының персоналды басқару жөніндегі (кадр қызметі) бас маманы

 
0
0
733

Осы тақырып бойынша

Тәлімгерлер институтының мемлекеттік қызметтегі рөлі - Yvision.kz