Тұған Елге Тағзым. 4 күн

Отырардан Түркістанға барар жолда ортағасырлық бірнеше қалашық орналасқан. Солардың бірінде, яғни Мардан Күйікте, біз бүгін археологиялық қазбалар жүргіздік. Бұл мемлекетқарамағындағы ескерткіш I-XVIII ғасырларға жатады. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының ғылыми қызметкері, тарихшы-археолог Шоқаев Қуаныш Әбдікәрімұлының айтуы бойынша:-Болашақта бұл Мардан Күйік мекені ашық аспан астындағы мұражайға айналады. Қалашық үш бөліктен тұрады:1)цитадель;2)шахристан;3)рабад. Археологтардың болжауы бойынша, рабад бөлігінде ғибадатхана орналасқан. Қазба жұмыстар барысында біз рабадтың екі тарихи-мәдени қабаттардан тұратынына куә болдық. Сонымен қатар көптеген құнды заттар табылды. Мысалы: керамикалық кесе, қыштан жасалған құмыралардың қалдықтары, перламутр шынысы және т.б. Олар өткен ғасырларда шеберхананың жұмыс істегеніне дәлел. Археологиялық қазбалар үлкен тәжірибе болды. Себебі біз тарихпен тура ұштастық, әр түрлі зерттеу тәсілдерін үйрендік, ой-өрісімізді кенейттік. Бүгінгі біздің жинаған білімімізді келешекте жобалар жаза отырып қолданамыз.
Төртінші күн Отырар қаласындағы қазба жұмыстарынан басталды Таңертең ерте тұрғанымызға қарамастан, біз қолымызға сыпырғыш пен күрек алып қызу жұмысқа кірісіп кеттік. Нәтижесінде, көптеген қыш құмыралардың фрагменттерін таптық. Ең таңғаларлығы – құмыралардың бояуы мен геометриялық ою – өрнектері жақсы сақталған. Біздің тапқан жәдігерлеріміздің бірі – көзмоншақ. Бұл көзмоншақ Отырар қаласының шахристан бөлігінен табылды. Ғалымдардың пайымдауынша, моншақ XIV-XVғғ. жатады. Көзмоншақтың шыныдан жасалғаны сол кездегі зергерлік өнер мен шыны кәсібінің дамығандығының дәлелі. Тағы бір құнды жәдігер – қола пен мыстың қосындысынан жасалған тиын. Тиынның табылуы сол кездегі сауда - саттықтың қарқынды дамығандығын көрсетеді. Архелогиялық қазбалар барысында, адам мәйіті мен жануарлар сүйектері көптеп кездеседі. Себебі, олардың наным – сенімдеріне байланысты, қайтыс болған адамдарды өзінің тұрып жатқан үйіне жерлеген. Кейіннен сол жерлерге күнделікті тіршілікке қажетті құрылыс заттарын орнатқан. Отырар қаласы арқылы Ұлы Жібек жолы өткен. Әр елден келетін саудагерлер өздерімен бірге өз мәдениеттері мен тауарларын алып келген. Отырар қаласынан бірнеше рет табылған ұлу қабыршағы (ракушка) мысал бола алады.Бүгін бұл экспедицияның арқасында әртүрлі зерттеу тәсілдерімен таныстық. Осы қазба жұмыстары бізге болашақта мамандық таңдауға септігін тигізеді деген үміттеміз.
