Сырдың сырқаты
Сырдарияның бізге жететін суы азайып кеткені жөнінде жыл сайын айтылады. Бірақ соны молайтудың, яғни өзен суының біздің елімізге тиесілі 16 миллиард текше метрін толық алудың жүзеге аспай жатқаны белгілі. Сондықтан Сыр бойындағы диқандар жыл сайын судан тарығып, шу шығарып жатады. Тіпті, қайбір жылдары судың аздығынан егін күйіп кетіп, ораққа ілінбей қалды. Биыл Сырдың суы тартылып, жұрт әлеуметтік желіге арнасы кепкен Сырдың суретін салып жатыр. Сол сияқты Сырдарияның Қызылорда қаласы маңынан ағып өтетін сусыз арнасын бейнежазбаға түсіріп, таратып жатқандар да бар. Мұндай ақпараттар, әрине жұртты мазасыздандырады.
Ал бұл жайында тиісті орындар не дейді?
Аталған мәселеге байланысты Қызылорда облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысы Бауыржан Шаменов БАҚ өкілдеріне Сырдария өзеніндегі судың аздығы мәселесі жайында түсінік берді. Лауазымды тұлғаның мәлімдеуінше, биыл қыркүйек айынан бастап Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 30 текше метрдей ғана су жіберілген, сөйтіп өзендегі су деңгейі түсіп кеткен. Бұл жағдайға байланысты облыс әкімдігіне, Премьер-Министрге, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайту үшін Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстанмен келіссөздер жүргізу туралы ұсыныс жолданған. Сондай-ақ биыл 18 қазаннан бастап Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 50 текше метр су жіберіліп жатқан көрінеді. Аталған мәселеге қатысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жасаған мәлімдемеде Арал-Сырдария бассейнінде 2019 жылдан бастап су азаю циклі жалғасып жатқаны айтылады. Яғни, Сырдария өзеніндегі судың аз-көптігі қырғыз, тәжік, өзбек елдеріндегі су шаруашылығына және негізінен Қырғыз Республикасындағы Тоқтоғұл су қоймасында жиналған судың мөлшеріне байланысты екен. Негізінде, осы қоймада 15 млрд текше метр су жиналса, ол жеткілікті болады екен. Мәселен, 2021 жылы Тоқтоғұл су қоймасында 2019 жылға қарағанда 5 млрд текше метрге кем жиналған. Биыл сәуірде су қоймасында 8,7 млрд текше метр ғана болды, ал бұл 2020 жылғы сәуір айымен салыстырғанда 3 млрд текше метрге аз көрінеді. Сондай-ақ Шардара су қоймасын толтыру мен Сырдария өзенінің жоғары ағысында тұрған су қоймаларының жағдайы да бізге келетін Сыр суының аз-көптігіне әсері бар.
Қазір Сырдария бойындағы мемлекеттердің келесі жылда су алу лимиті жайында келіссөз жүргізуге дайындық жасалып жатқан көрінеді. Сондықтан біздің ел басшылығы да Қазақстанға тиесілі суды алып, қыста су сақтағыштарын толтырып, көктемде дария суы азайғанда жиналған суды пайдалануды жан-жақты ойланып шешсе екен дейміз. Әйтпесе, тағы биылғыдай Сырдың суы сарқылып, ел экономикасына елеулі зиян келуі мүмкін. Табиғат тепе-теңдігінің бұзылуы көбіне адам қолы жасаған техногендік апаттардан пайда болып отырғаны белгілі. Кезінде Орта Азияны мақта, күріш плантациясына айналдырамыз деген өркөкірек жобаның соңы Әмударияның суын жұтып, Арал теңізінің құрып кетуіне әкелді. Қазір екіге бөлініп кеткен Аралдың Қазақстанға қарайтын жағы Сырдарияның суымен әупірімдеп сақталып тұр еді, енді ол өзеннің өзі де ақпай қалуға қарады. Жайық өзенінің де суы тартылып еді, енді Каспий теңізінің деңгейі төмендеп барады. Сондықтан экологтер Сырдарияның төменгі ағысына күріш секілді суды көп талап ететін егін көлемін қысқарту керек. Сайлаубай Жұбатыров, эколог-жазушы: - Су саясаты бәрі мемлекетаралық мәселенің шешуіміен ғана жүзеге асатын нәрсе. Мониторинг жүргізіп отырғаннан кейін жоғарыдағының, төмендегінің үлесі су көп жылы көп болады, су аз жылы аз болады, оған ешкімнің дауы жоқ. Бірақ таза тек ғылыми мониторингпен жүргізіліп отыратын заңдылық керек,- деп мәлімдеме жасады.
Дәл қазір қолымыздан халықтың мұңын жеткізіп, елдің болашағын ойлап осылай жазба қалдыру ғана келетіні әрине, өкінішті. Басшылық айтты деп қарап отырғанда басты құндылығымыздан айырылып қалмасақ болғаны.
