Сырдарияда 3 мектеп күрделі жөндеуден өтеді
Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім беру алшақтығын жою және білім сапасын арттыру басты назарда. Бұл мақсатта «Nur Otan» партиясы Қызылорда облысы, Сырдария ауданына қарасты Аманкелді, Іңкардария, Сейфуллин елді мекендеріндегі жалпы саны 3 мектепті күрделі жөндеуден өткізеді. Әрі 1 және 6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткішін 87,7%-ға жеткізуді көздеп отыр. Сонымен қатар, аудандағы 13 мектепті химия, биология, физика жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталуына жағдай жасамақ.
Білім саласына қатысты бұл бастамалар туралы облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер Расул Есенов, Сейткамал Сұлтанов, Самат Ақпамбетов, Зейнұр Жаманқұлов пен Гүлбану Смайлова Сырдария ауданы білім саласы өкілдерімен өткен кездесу барысында айтты.
Басқосуда партияның сайлауалды бағдарламасымен ұстаздар қауымы жақынырақ танысып, негізгі тарауларын талқылады. Әрі қарай әңгіме бүгінде өзекті мәселеге айналған педагогтардың артық жүктемесін азайту, білім сапасын арттыру мен мектептерде замануи зертханалық кабинеттерді ашу төңірегінде өрбіді.
Еркін пікірталас алаңында сөз тізгінін алған Зейнұр Жаманқұлов педагог қызметкерлердің біліктілік санатының жаңа форматына сәйкес бес жылдықта Сырдария ауданындағы білім беру ұйымдарында шебер, зерттеуші, сарапшы, модератор санаттары бойынша педагог оқытушылар құрамының үлесін 45 пайыздан 85 пайызға жеткізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, партия инклюзивті білім беруге жағдай жасап отырған мектептер санын 14-тен 17-ге көбейтетінін атап өтті.
Ал Сырдария ауданына қарасты Қалжан-ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағанбетов елді мекендерін көгілдір отынмен қамту, 94 км аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын күрделі жөндеуден өткізу, бұқаралық спортты дамыту мақсатында жаңа 11 спорт алаңдарын ашу жұмыстары туралы Гүлбану Смайлова баяндады.
Шара соңында сөз алған Аманкелді ауылының тұрғыны, білім саласының қызметкері Нұрхан Баймырзаев:
«Көпшілік білетіндей «Педагог мәртебесі» туралы Заң уақытылы қабылданды, соның ішінде ұстаздардың біліктілігін көтеруге мүмкіндік жасалды. Бұл ұстаздар қауымына жасалған үлкен қамқорлық. Партия атынан ұсынылған облыстық, аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлерге алдағы сайлаудан сәтті өтуіне тілектеспін» – деп сөзін түйіндеді.
Осылайша, үміткерлер әр тараптан қойылған сұрақтарға жауап беріп, «Nur Otan» партиясына дауыс беруге шақырды.
«Nur Otan» партиясы Қызылорда облысының Сайлау қоры қаражаты есебінен төленді
Сайлау-2021
