Мазмұнға өту
Обложка сообщества Әртүрлi

«Сырғалым» телехикаясы жаппай сатылымға шықты

19 маусым күні Алматыда «Сырғалым» телехикаясының ресми DVD-басылымының жарыққа шығуына байланысты баспасөз мәслихаты өтті.

БАҚ өкілдеріне арналған шараға «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының директоры Ілияс Ысқақов, қоюшы-режиссер Рашид Сүлейменов, «Көркем фильм» кинокомпаниясының бас продюсері Ильхам Джалилов және басты рөлді сомдаған актриса Жұлдыз Маханова қатысты.

«Сырғалым» телехикаясының «Қазақстан» телерадиокорпорациясының тапсырысы бойынша «Көркем фильм» кинокомпаниясымен түсірілгенін атап өту қажет. Бағдарлама «Қазақстан» телеарнасының эфирінен алғаш рет 2014 жылы көрсетілді. Туынды аз уақыт ішінде миллионнан астам көрермен аудиториясын жинап, республика тарихында үздік телеөнімдердің қатарына қосылды.

2015 жылдың 3 наурызында «Қазақстан» ұлттық арнасы телехикаяның екінші маусымын көрермен назарына ұсынды. Жаңа бөлімде оқиға желісі банк кеңсесінің қабырғасында өрбіп, жас қыз өз отбасының шаңырағын шайқалтпауға тырысып, мансап баспалдағымен өрлеуге тырысады. Екінші кезеңді түсіруге 3,5 ай уақыт жұмсалды.

«Сырғалым» телехикаясы «Жыл таңдауы» конкурсының қорытындысы бойынша «2014 жылдың үздік сериалы» атағын алса, басты рөлді сомдаған актриса Жұлдыз Маханова «2014 жылдың Үздік актрисасы» атанды.

Фильмнің қысқаша мазмұны: Қарапайым қазақ отбасы ел қатарлы өмір сүреді. Бір күні бұл шаңыраққа ауылдан отағасының жақын досының қызы келеді. Бұл отбасының үлкен ұлы ауыл қызына қамқорлық танытса, ортаншысы оған ғашық болады. Ал кенже ұлы қызды үйінен кетіруді ойлайды.

Ауылдық тәрбие көріп, ұлттық салт-дәстүрмен сусындап өскен қыз қазақы болмысты ұмытуға шақ қалған қала тұрғындарының өміріне өзгеріс әкеледі.

0
0
528

Осы тақырып бойынша

«Сырғалым» телехикаясы жаппай сатылымға шықты - Yvision.kz