Сыбайлас жемқорлықты жою - міндет
Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттік бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы – адамдардың қоғамның демократиялық негізіне, заң мен әділдікке түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы –2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында: Аса маңызды міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру» делінген.Демократиялық институттар мен құндылықтар сыбайлас жемқорлықтың көріністерімен, сондай-ақ одан туындайтын қоғамның тұрақты және қауіпсіз дамуына қатер төндіретін түйткілді мәселелермен сыйыспайтыны анық. Тиісінше Қазақстанда іске асырылып жатқан демократиялық қайта құрулар сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністеріне қарсы күресте жүйелі жұмыс істеуі мүмкін емес. Жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналып отырғандығы шындық. Елдің ертеңі үшін, еңсеміздің бек көтеріліп жүруі үшін, жемқорлық індетімен белсене күресіп, түп-тамырымен жою қажет. Бұл – індет адамзат баласына жат қасиет. Кеңестік дәуірден бастау алған, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты, бармақ басты әдеті әлі болса қылаң беріп келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз. Мемлекеттік сатып алу, мемлекет қаржысын талан-тараж етіп, ысырап қылу, жер телімін заңсыз беру, дүние-мүлкін, ақша капиталын салық декларациясынан, яғни мемлекеттен жасырып қалу сияқты мемлекет қалтасына қауіп төндіретін жат қылықтар әлі де баршылық. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
