Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Сыбайлас жемқорлықпен күресу аясындағы мемлекеттік саясатты келешекті ақ халатты абзалжандар қолдайды

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті, Алматы қаласы  Жастар саясаты жөніндегі басқармасы, Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлық: Білім беру ошақтарын жайлаған бітеу жара» атты ғылыми-танымдық конференция өткізілді.

Конференцияға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаментінің қызметкерлері мен ҚазҰМУ-дың оқытушы-профессорлар  құрамы мен студент жастары қатысты.

ҚазҰМУ ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Айқан Ақанов Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған  сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясын жүзеге асыру мақсатында «Нұр Отан» партиясы және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментімен бірлесе отырып, жоғары оқу орнында жемқорлық көріністерін болдырмау  жөнінде іс-шаралар өткізіліп, түсіндірме жұмыстары  жүргізіліп  жатқандығына тоқталды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік Кеңес Төрағасы Бахтияр Камалов  Елбасы Н. Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының бес институционалды  реформасын  және Қазақстан Республикасының  сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы тетіктерінің жүзеге асырылуына  өз пікірін білдірді. Сондай-ақ, университеттермен бірлесе отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлесе жұмыстар жүргізу мен ғалымдардың дайындаған білім жүйесіндегі өзекті ұсыныстарының маңыздылығына тоқталды.

Университет ректорының кеңесшісі Жанар Мустафина сыбайлас жемқорлықтың өзінің туындауында кеше, бүгін, болашақта өзектілігін, бүкіл әлемнің жаhандық мәселесі екендігін көрсетті. Сыбайлас жемқорлықтың тарихы терең зерделеуді қажет ететіндігін және іс-шарада ұсынылған сондай әртүрлі сындарлы ұсыныстарды тәжірибеде пайдалану керектігін баса айтты.

Университеттің 2 курс студенті Амалбек Даурен сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша дүниежүзілік қоғамның тәжірибесіне тоқталып, Қытай, Сингапур және Канада сияқты елдерді мысалға келтірді. Елдің  дамуын тежейтін және адамдардың мемлекетке деген сенімін бұзатын бұл кеселмен әлемдік қоғамдастық сияқты күреседі. Бұл жауыздықпен күресуде қандай нәтижеге жеттік. Әлемдік тәжірибені пайдалану қажеттілігі туралы айтты.

Конференцияның соңында қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша өздерінің пікірлерімен алмасты. Сонымен қатар, өздерін қызықтыратын сұрақтарға толыққанды жауаптарын алды.

 
0
0
287

Осы тақырып бойынша

Сыбайлас жемқорлықпен күресу аясындағы мемлекеттік саясатты келешекті ақ халатты абзалжандар қолдайды - Yvision.kz