Сыбайлас жемқорлықпен халықаралық күрес күні аталып өтті
2020 жылдың 9 желтоқсан күні «ANTIKOR ORTALYGY» сервистік орталығында Сыбайлас жемқорлықпен халықаралық күрес күніне орай форум ұйымдастырылды.
Шараға БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Р.С.Ақмырзаев, «Ақжайық – Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Ә.Ө.Салиева, облыстық арнайы мониторингтік тобының жетекшісі В.С.Колпаков, мемлекеттік органдар мен қоғам және БАҚ өкілдері қатысты.
Департамент басшысы Р.С.Ақмырзаев өз сөзінде «2004 жылдан бастап жыл сайын 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні ретінде атап өтіліп келеді. Бұл атаулы күн біздің елімізде де ерекше орын алады. Тек ортақ күш жігердің арқасында ғана біз жемқорлықты жоя аламыз. Өз азаматтық белсенділігін танытып жүрген жеке тұлғалар мен қоғамдық ұйымдарға Агенттік атынан алғыс білдіреміз» - деді.
«Жастардың тұрақты және әлеуметтік даму қоры» қоғамдық қорымен «Азаматтық бақылау» жобасы аясындағы БҚО білім басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылған «Парасатты отбасы» облыстық байқауының жеңімпаздары және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, парасаттылықты қалыптастыруға қосқан үлестері үшін белсенді қоғам мен БАҚ өкілдері құнды сыйлықтар және грамоталармен марапатталды.
«Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ» жобалары шеңберінде өз белсенділіктерін танытқан жоба жетекшілері, алғыс хаттармен марапатталса, ал студенттер мен оқушыларға Агенттік атынан арнайы рюкзак және кепкалар табыс етілді.
Сонымен қатар, «Ақжайық – Адалдық Алаңы» жобасы аясында «Сыбайлас жемқорлық біз үшін жат» тақырыбындағы әлеуметтік желілердегі үздік жарияланымдар байқауының жеңімпаздары да марапатталды.
Егер сізге сыбайлас жемқорлық фактілері туралы белгілі болса, онда сіз тәулік бойы жұмыс істейтін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 Call-орталығына хабарласа алатыныңызды есіңізге саламыз.
