Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрлау бойынша бастама кө
БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бастамасымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті жанындағы мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пандемияны жариялауына байланысты, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында жұмыс тобының отырысы бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілді.
Күн тәртібінде білім және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрлау мәселелері қаралды:
- негізгі орта, жалпы орта білім беру туралы құжаттардың телнұсқаларын (дубликат) беру;
- техникалық және кәсiптік бiлiм туралы құжаттардың телнұсқаларын (дубликат) беру;
- техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім алуды аяқтамаған адамдарға анықтама беру;
- жалғыз тұрғын үйі авариялық деп танылған азаматтарға анықтама беру.
Қазіргі уақытта аталған мемлекеттік қызметтер Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қағаз нысанда және қызметті берушінің кеңсесі арқылы тікелей көрсетілуде, бұл белгілі бір сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады.
Кеңес қорытындысы бойынша комиссия ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне аталған қызметтерді цифрлау жөнінде ұсыныс жіберу туралы шешім қабылдады.
