Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия мемлекеттік мекемелерде
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 25 мамырында Маңғыстау облысының Құрылыс басқармасы, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу және Жер қатынастары басқармаларында мемлекеттік қызметті өткеру және мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысты семинарлар өткізілді.
Семинар барысында алғашқы болып аумақтық Департаменттің мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Қ.Байгебаев іс-шараның мақсаты, Департамент қызметінің басым бағыттары, мемлекеттік қызметті өткеру, мемлекеттік қызметшілердің тиімділігін бағалау методикасы, «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты ҚР Президентінің Халыққа Жолдауы және «100 нақты қадам» жоспарының талаптары бойынша түсіндіріп өтті.
Өз кезегінде Департаменттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасау бөлімінің басшысы Е. Жұмабайдың Қазақстан Республикасының 2015-2025 ж.ж. арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы мен оның орындалу барысы бойынша баяндамасы тыңдалды.
Сонымен бірге Департаменттің жаңа жұмыс бағыттары – талдау және сыбайлас жемқорлық қатерлерін анықтау, жемқорлыққа қарсы сауаттандыру және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасау бойынша сөз қозғалды.
Сөз соңында семинар қатысушыларына Агенттіктің ресми www.anticorruption.gov.kz сайтының, өтініштерді қабылдауға арналған www.1494.kz порталының, 1494 Call-центрінің жұмысы бойынша және республикалық «Сыбайлас жемқорлықпен күрес саясаты» журналы туралы ақпарат беріліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сипаттағы жадынамалар таратылып, тақырыптық бейнероликтер көрсетілді.

