Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру – тұлғаның мәдени дамуының кепілі

Үстіміздегі жылдың 10 наурызында Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мамандары облыстық білім басқармасының ұжымына семинар-кеңес өткізді.

Кездесуде мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама өзгерістері әңгіме өзегіне айналды.

Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Р.С. Байжанов, жиылғандарды жыл басынан күшінен енген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңымен таныстырып, аймақтың білім беру ошақтарында енгізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы оқу бағдарламаларының тиімділігіне қатысты мәселелерге тоқталды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңында қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше мән берілген. Заңдағы 9-баптың 2 тармағына сәйкес, тұлғаның адамгершілік, зияткерлік, мәдени тұрғыдан дамуы және сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудағы белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылатын, тәрбиелеу мен оқытудың үздіксіз процесін көздейтін «сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру» жаңа ұғымы енгізілді. Аталған оқу бағдарламаларының тиімді енгізілуі, ең алдымен басқарманың және барлық білім беру мекемелерінің бірлескен әрекетінің арқасында ғана жүзеге асырылуы мүмкін» - деді, Рүстем Байжанов.

Ал мемлекеттік қызметке өту және оны өткеру ережелері мен рәсімдерінің өзгерістері жайында Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Е.Ф. Степаненко баяндап берді.

- Мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшуді реттейтін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының жаңашылдықтары біліктілік пен конкурстық іріктеу қағидаларына негізделген. Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру елімізде жүргізіліп жатқан саясаттың басым бағыттарының бірі болғандықтан, бұл мәселе мемлекет Басшысының қатаң бақылауында,-деп Елена Степаненко өз сөзін түйіндеді.

Семинар соңында сауалнама жүргізіліп, кездесу барысында туындаған сұрақтарға жауаптар берілді.

 
0
0
1091

Осы тақырып бойынша

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру – тұлғаның мәдени дамуының кепілі - Yvision.kz