Ұстаздық еткен жалықпас...

Ол – осы күні Науырзым ауданы Қожа ауылының тұрғыны. Дүние есігін Егінсай елді-мекенінде ашып,алтын ұя табалдырығын алғаш 1943- жылы аттайды.Міне,осылайша, оның білім әлеміне бойлауы басталады. Бастауыш сыныпта алған ілімін ілгерілету үшін, 1950-ші жылы аталмыш аудандағы 7 жылдық мектепті,кейін,1953-ші жылы Әулиекөлдегі Шоқан Уәлиханов атындағы қазақ орта мектебін тәмәмдайды. Тиісінше, түлек сол жылы Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына түседі. Оқу ордасы қабырғасында жанына жақын жаратылыстану факультетін тәмәмдап,1957-ші жылдың 1-ші қыркүйегінде ол кезде орталау деп аталатын Науырзым мектебіне мұғалім болып келеді. Ұстаздық етуді ұлы іс деп ұғынған кейіпкеріміз,киелі мамандық тізгінін ұстауға кішкентайынан қызығады
Тиянақтылығымен танылып, жауапкершілігімен көзге түсе білген жас мұғалім үш жыл химия-биология пәндерінен сабақ беріп, 1960-шы жылы аталмыш алтын ұяның оқу ісін басқарып, ол үрдісті де үздік меңгеріп, бір жыл өткен соң, білдей бір білім ордасының директоры болып бекітіледі. Жалпы, мектеп басшысы болып 20 жыл, оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі болып 13 жыл, қатардағы оқытушы болып төрт жыл еңбек еткен Нұрсұлтан Шәйкеновтың шыңдалған шеберлігін шәкірттері мен әріптестері әлі күнге әңгіме қылады.
Қоғамға сауаттылық сәулесін шашқан ұлағатты ұстаз қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Науырзым ауданындық партия комитетінде «Парткабинет» меңгерушісі болып 1 жыл қызмет атқарды. 8 жыл бойы аталмыш аумақта аудандық мәслихат депутаты болды. 10 жылдан астам селолық кеңес депутаты болып, бар қажыр-қайратын ауылдағы ағайынның ахуалын арттыруға жұмсады.Еңбек ардагерінің өмірі - ұрпақтарына мақтаныш
Кемел келешек үшін келелі қызмет атқарған кейіпкеріміздің еткен ерен еңбегі еш ескерусіз қалған жоқ. Төккен тері үшін тек ауыл тұрғындары ғана емес, Елбасы да өзінің алғыс хатын жолдаған. Бүгінде «Білім озаты» бейнетінің зейнетін көріп, заманының зиялы өкілі, ауылдың абыз ақсақалы, өз отбасында әзиз әке, асқар тау ата, қамқоршы аға атанып, немере-шөбере сүйіп отыр.Осындай өр тұлғаның өнегелі өмірі-өскелең ұрпаққа үлкен үлгі
