Статистика департаментінің қызметкерлеріне «заңсыз сыйлық алудың» салдары түсіндірілді

Ағымдағы жылғы 13 сәуірде Мемлекеттік қызмет істері министрлігі облыстық департаментінің мамандары Статистика департаментінде семинар өткізді.
Кездесуде мекеме қызметкерлеріне 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның жүзеге асырылу барысы, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға арналған 1 институционалды реформа, сонымен қатар «Мемлекеттік қызмет туралы», «сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңдарының жаңашылдықтары туралы түсіндірмелер берілді.
Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Г.Д. Сәрсенбаева үш кезеңді қамтитын конкурстардың өткізілу ережелері, тестілеу бағдарламасы, оның ішінде мемлекеттік қызметке орналасуға ниет білдіргендердің жеке қасиеттерін бағалау үрдістері жайында толығырақ мәлімдеді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының жаңалықтарымен бөліскен Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы С.О. Айдарбеков, қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, қатысушыларды жаңадан енгізілген «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг» және «сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау» ұғымдарымен таныстырды.
Кездесуде Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі де қарастырылды. Әсіресе мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер, заңсыз сыйлықтар алу сынды жайттар қызу талқыға салынды.
Департамент өкілдері семинар барысында келіп түскен сауалдардың барлығына тиісті жауаптарын берді.
