Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Соттың жұмысын үздік ұйымдастыру бойынша конкурстың қорытындысы шықты

Бүгін Жоғарғы Сотта облыстық, аудандық және оған теңестірілген соттың жұмысын үздік ұйымдастыру бойынша 2014 жылға арналған республикалық байқау-конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өтті.

Конкурс қорытындысы бойынша аудандық соттар арасында бірінші орынды Шығыс Қазақстан облысының Семей қалалық соты, екінші орынды – Қарағанды облысының Балқаш қалалық соты иеленді, ал Маңғыстау облысының Ақтау қалалық соты мен Ақмола облысының Бұланды аудандық соты үшінші орынды өзара бөлісті.

Облыстық және оған теңестірілген соттардың арасында бірінші орынды Солтүстік Қазақстан облыстық соты, екінші орынды Жамбыл облыстық соты, үшінші орынды Павлодар облыстық соты иеленді.

Жоғарғы Соттың Төрағасы Қ.Мәми іс-шараны аша отырып, республика соттары жыл бойы өз жұмыстарын ұйымдастыруды жақсарту бойынша белсенді шаралар қабылдағанын атап өтті. Бұған Жоғарғы Сотқа өңірлерден келіп түскен алғыс хаттар мен жылы лебіздер дәлел бола алады. Әсіресе, соттардың жаңа электрондық сервистері халықтың зор қолдауына ие болғанын атап өткен жөн.

Сот кабинеті белсенді қолданылуда, сот актілерімен танысу рәсімдері мен мемлекеттік баж салығын төлеу айтарлықтай жеңілдеді.

СМС-хабарлама мен гибридтік пошта жүйесі енгізілді. Бұл сот шығындарын едәуір қысқарта отырып, процеске қатысушыларды хабарландыруды жеделдетуге мүмкіндік берді.

Соттарда электронды цифрлы қолтаңбаны қолдану іс жүргізу заңына өзгерістер енгізуге және қағаз түріндегі құжат айналымын қысқартуға ықпал етті.

Осы аталған барлық шаралар қолжетімділікті арттыру және соттың істі қарау мерзімін қысқарту мақсатында қолға алынып, азаматтардың мүддесін ескере отырып, іске асырылуда.

Қ.Мәми конкурс қорытындысы бойынша жүлдегер атанған сот ұжымдарына алғысын білдіре келе, бұл марапат оларға жоғары жауапкершілік жүктейтіндігін атап өтті.

Сот жұмысын үздік ұйымдастыру жөніндегі республикалық конкурсты Жоғарғы Сот Қазақстан Республикасының Судьялар Одағымен бірлесіп, 2014 жылдың қаңтарында жариялаған болатын.

Соттар қызметін ұйымдастырудың деңгейі мен сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру, электрондық сот іс жүргізуді енгізу, төрешілдікті жою, жұртшылықпен байланысты нығайту, республика соттарының оң тәжірибесін анықтау және оны тарату конкурстың басты мақсат-міндеті болып табылады.

Конкурс туралы Ереже бекітілді және құрамына Жоғарғы Соттың судьялары, Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшылығы мен Судьялар Одағы Орталық кеңесінің өкілдері енген республикалық комиссия құрылды.

Соттардың қызметі келесі критерийлер бойынша бағаланды: сот ғимаратының жағдайы және безендірілуі, талдамалық жұмысты жоспарлау және жүргізу, істерді уақытылы және сапалы қарауды қамтамасыз ету, сот процестерін ұйымдастыру, сот ісін жүргізуде заманауи технологияларды қолдану, сот ақпаратына қолжетімділік.

Ағымдағы жылғы қазан айының соңында облыстық комиссиялар облыстағы ең үздік аудандық соттарды анықтады. Республикалық конкурстық комиссия ұсынылған барлық материалдарды, сондай-ақ соттардың қызметі туралы ағымдағы мәліметтерді зерделей келе, байқау жеңімпаздарын анықтаған болатын.

Судьялар Одағының хатшысы, Жоғарғы Соттың доғарыстағы судьясы С.Райымбаев конкурстық комиссия жұмысының нәтижелеріне тоқтала келе, байқау соттар қызметін ұйымдастырудағы соңғы кездері белсенді түрде іске асырыла бастаған бірқатар нәтижелі жұмыстарды анықтағанын, әсіресе, бұл электронды технологияларды қолданумен байланысты екендігін атап өтті.

Комиссия сот жүктемесінің көптігіне қарамастан, сот істерінің басым бөлігінің алғашқы сот отырыстарында-ақ қарауды ұйымдастыра білген Семей қалалық сотының оң тәжірибесін тарату туралы да шешім қабылдады. Бұған қоса, Семей қалалық соты құқық түсіндіру жұмысын, жұртшылықпен және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланысты белсенді жүргізуде.

Байқауда жеңімпаз атанған сот ұжымдары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 
1
0
441

Осы тақырып бойынша

Соттың жұмысын үздік ұйымдастыру бойынша конкурстың қорытындысы шықты - Yvision.kz