Солтүстік Қазақстан облысының Орталық коммуникациялар қызметінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 1 институттық реформасы талқыланды

Ағымдағы жылғы 4 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысының Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекеттік қызмет істері министрлігі департаментінің өкілдері және облыс Әкімі аппаратының басшысы М.Д. Қожахмет баспасөз мәслихатын өткізіп, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының Бірінші институционалды реформасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Ұлт көшбасшысымен айқындалған «100 нақты қадам» - мемлекет пен қоғамның дамуына оң серпін беруге бағдарланған.

«Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалық актілермен ашық конкурстық іріктеу, білікті мамандарды мансаптық жоғарылату, нәтижеге сай еңбекақы төлеу негізінде меритократия қағидаттары қамтамасыз етіледі. Бұл мемлекеттік қызметке тек адал, білікті және білімді азаматтарды қабылдауға мүмкіндік береді», - деді Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Светлана Зайцева.
Ол өз баяндамасында мемлекеттік қызметтің құндылықтары мен принциптері бекітілген, мемлекеттік қызметшілердің жұмыста және тұрмыста өзін-өзі ұстау стандарттары айқындалған, 12 қадам аясында әзірленген жаңа Әдеп кодексіне де тоқталды.
Аталған нормалар азаматтармен қарым-қатынас жасау, мүдделер теке-тіресі, бұқара алдында сөз сөйлеу және БАҚ-пен байланыс орнату мәселелерін реттейтін болады.

Облыс Әкімі аппаратының басшысы Мәдияр Қожахмет, облысымыздағы кадрлар жұмысы мәселесіне тереңірек тоқталды және оның басты мақсаты – кадрларды іріктеуді жетілдіру, сонымен қатар өңіріміздегі мемлекеттік қызметшілердің сапалы құрамын арттыру болып табылатындығын мәлімдеді.
Ұлт жоспарының 13-қадамына сәйкес жаңа заңнамалар әзірлеумен жемқорлыққа қарсы күресті күшейту көзделген.

Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Нұрлан Жахин, Департаменттің бұл саладағы жұмысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жемқорлықты тудырушы себептер мен жағдайларды жою және мемлекеттік қызметтің көрсетілу сапасын арттыруға бағытталғандығын айтты.
Жаңа Заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру үшін азаматтық қоғамның жұмылдырылуын қамтамасыз ету қарастырылған.
Осыған байланысты, сыбайлас жемқорлық саясатының тиімділігіне, аталмыш саладағы заңнаманың дұрыс қолданылуына жүйелі түрде талдау жүргізуге мүмкіндік беретін «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг» ұғымы енгізілді. Мемлекеттік органдарының нормативтік-құқықтық актілері мен ресми сайттарынан бөлек, үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтері, БАҚ-тағы мақалалар және әлеуметтік сауалнамалардың көрсеткіштері де мониторингке жатады.

Кездесу барысында журналистермен мемлекеттік қызметті өткеру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде көптеген сұрақтар қойылып, барлығына тиісті жауаптар берілді.
