Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Солтүстік Қазақстан облысында «Жастар ауылы — 2017» халықаралық жастар лагері өтті

Ағымдағы жылдың 25-27 тамызы аралығында Солтүстік Қазақстан облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы мен «Жас Отан» ЖҚ СҚОФ, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментімен бірлесіп Айыртау ауданының «Олимпиец» сауықтыру лагерінде «Жастар ауылы - 2017» халықаралық жастар лагерін өткізді.

Үшкүндік шараға мемлекеттік органдар, облыстық және аудандық жастар орталықтарының өкілдері, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарындағы жастардың ҮЕҰ, этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері мен белсенділері, жас кәсіпкерлер мен мұғалімдер, сондай-ақ Ресей Федерациясы Омбы аймағының өкілдері қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – көрші облыстардан жиналған жастардың өздерінің мәдени құндылықтарын насихаттап, үздік тәжірибелерімен алмасу, сонымен қатар мемлекеттік жастар саясатындағы инновациялармен бөлісу, өскелең ұрпақта жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру болып табылады.

Солтүстік Қазақстан облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы жастарды мемлекеттік саясатқа белсенді араласуларына шақырды.

«Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан жастарға үлкен қолдау көрсетілуде. Қазақстанның болашағы экономикалық, саяси тұрғыда дамыған, қоғамның өміріне белсенді атсалысатын жалынды жастардың қолында. Сондықтан біз сіздердің тұлға ретінде қалыптасуларыңызға жағдайлар мен мүмкіндіктерді жасайтын боламыз. Жастар ауылына қош келдіңіздер!», - деді Ирина Тухватулина.

Лагерь шеңберінде жастар саясатының өзекті мәселелері бойынша түрлі семинар-тренингтер, пікір алаңдары, спорттық сайыстар, мәдени-ойын сауық шаралар, бояулар фестивалі және Айыртау ауданының көрікті жерлеріне саяхаттар ұйымдастырылды.

Мәселен, демалушылардың бойына жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілікті сіңіру, қоғамда аталмыш кеселге қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша тренингті түрлі мысалдар келтіру арқылы Департаменттің Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы С.О. Айдарбеков пен СҚО Жастар орталығының инструкторы, облыстық мәслихат депутаты Е.С. Старостина өткізді.

Мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделі туралы Департаменттің Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Р.Х. Бахриразиев айтып берді.

Отандық мемлекеттік қызметтің қалыптасу тарихы, оны өткеру, мемлекеттік қызметшілердің мансаптық өсуі, ашықтық пен меритократия қағидалары ресейлік жастарда үлкен қызығушылық тудырды. Әсіресе, мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен мемлекеттік қызметтің оң беделінің артуы қызметшілердің кәсіби шеберліктеріне тікелей байланысты екендігі ерекше атап өтілді.

Тренингтер аяқталысымен лагердің құрметті қонағы – Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы Ғ.С. Тұрсынбаевпен «галстуксыз кездесу» ұйымдастырылды.

Ғалым Сұлтанұлы қоғамдық өмірге жиі араласып, әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы болғандықтан жастардың көңілін өзіне оңай аудара білді. Тыңдармандар Департамент басшысының өмір жолымен танысып, білгісі келген сұрақтарына жауап алып, қоғамда орын алып жатқан проблемаларды ашық талқылады.

Жастардың белсенділіктеріне тәнті болған Ғалым Сұлтанұлы, оларға алған беттерінен қайтпай, әрбір бастамаларында батылдық танытумен үлкен мақсаттарға қол жеткізулерін тіледі.

Әсерлі кездесу соңында лагерь қатысушылары құрметті қонақпен естелік суретке түсті.

 
0
0
608

Осы тақырып бойынша

Солтүстік Қазақстан облысында «Жастар ауылы — 2017» халықаралық жастар лагері өтті - Yvision.kz