Солтүстік Қазақстан облыстық сотында сот тәжірбиесінің өзекті мәселелері талқыланды
Оқу орталығының базасында Солтүстік Қазақстан облыстық сотында аудандық және оған теңестірілген соттардың судьялары үшін семинар сабағы өткізілді. Аудандық сот судьяларының қатысуы On-line тәртібінде іске асырылды.Судьялар білім беру іс-шарасында ҚР АІЖК-не енгізілген өзгерістерді ескере отырып, жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен азаматтық істерді қарау; шешім шығару әдістемесі, «Төрелік» ақпараттық-талдау жүйесі мәселелерін талқылады.
Петропавл қаласы №2 сотының төрағасы Д.Байзақова «ҚР АІЖК-не енгізілген өзгерістерді ескере отырып, жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен азаматтық істерді қарау» тақырыбында баяндама жасай отырып, қолданыстағы азаматтық іс-жүргізу кодексі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот төрелігін іске асыруды одан әрі жеңілдету, төрешілдік ресімдерді азайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес іс жүргізудің жеңілдетілген тәртібін реттейтін «Істерді жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қарау» атты 13-1-тараумен, сондай-ақ 149-1 – 149-4 баптарымен толықтырылғанын атап өтті.
Жеңілдетілген тәртіп кодексте көрсетілген іс категорялары бойынша тараптарды шақырмай қысқартылған талап арыз іс жүргізулерін және тараптардың сотқа ұсынған дәлелдерін зерттеу негізінде ауызша талқылау өткізуге мүмкіндік туғызады.
Д.Байзақова қатысушыларға азаматтық процессте жеңілдетілген іс-жүргізу түрін қолдану туралы толық айтты, түсіндіруді талап ететін көптеген сұрақтарды көтерді.
Сонымен қатар ол бүгінгі күні іс-жүргізуде жеңілдетілген түрі жие қолданылатынын атап өтті.
«Шешім шығару әдістемесі» тақырыбын Айыртау аудандық сотының судьясы А.Байжұманова баяндай келе, шешім шығару әдістемесі істі сот талқылауына дайындау әдістемесінің қисынды жалғасы болып табылатынын атап өтті.
Шешімді шығарған кезде фактілер құқықтан анық шектелуі қажет. Сот нақты жағдайларды тараптардың түсініктемелерімен және басқа дәлелдермен анықтайды.
ҚР АІЖК-нің 221 бабының 5 бөліміне сәйкес шешімнің дәлелдеу бөлігінде істің сот анықтаған мән-жайлары көрсетілетінін баяндамашы атап айтты.
Семинар сабағының соңында судьяларға «Төрелік» ақпараттық-талдау жүйесімен танысуға мүмкіндік тудыратын слайдтар таныстырылды.
Бұл жүйенің ерекшелігі басқа мемлекеттік органдармен ақпарат алмасуға болатыны, жүйені қолданушылар үшін тіркеу тәртібі жеңілдетілгені, ақпарат алу жүйесі жеделдетілгені, барлық тіркеу түрлері он-лайн тәртібінде көрсетілетіні атап өтілді.
