Шындықпен алданған күн
Өмір ғажап! Таң атысымен қарбаласқан адамдар. Сол адамдардың бірінің жүзі күледі, бірі жылайды, бірі қуанышты, бірі қайғылы, бірі бақытты. Әр таң атысымен әр адамның өз оқиғасы басталады. Ол - басты кейіпкер. Бүгін өмірінің ең бақтты кезеңін басынан өткерген адам, әлемнің екінші бір шетінде дәл сол уақытта өміріндегі ең қайғылы кезеңін басынан өткеріп жатқан тағы бір адам бар екенін білмейді. Бұл жер ғаламшарында өмір сүріп жатқан бүкіл адамзатқа тән құбылыс.
1 сәуір күлкі күні екенін білеміз. Барлығымыз «алдау күні» аталып кеткен 1 сәуірде ата-анамызды, аға-бауырымызды, апа-сіңілімізді және достарыңызды алдап күлкіге кенелген шақтарыңыз болған шығар. Бұл жағдай менің де басымнан сан рет өткен. Бір күнде бірнеше рет алданып опық жегеніме қарамастан кезекті бір дос-жарандарымның алдауына түсіп қалатынмын. Биыл да дәл осы күні әдетім бойынша бірнеше рет алданып енді алданбаймын деп отырғанда, туысым әрі сыныптас досым болып келетін баланың ағасының қайтыс болғанын естідім. Күлдім де бұл жолы алдауларына түспейтінімді айтым. Солай ұзақ сенбей жүрдім. Сөйтсек, бұл жаңалық таныстарымыздың бәріне тарап кеткен екен. Алайда сенген ешкім жоқ. Бұл жағдайдың шын екеніне ешкім де сенбеді. Бірақ бұл өтірік күні орын алған ащы шындық болып жықты. Небәрі жиырма алты жастағы жас баланың өмірден өткенін білгенде жүрегім дір етіп, денем түршігіп кетті. Ең қиыны не екенін білесіздер ме сүйген жарының құлағына сырға салып, қазақы дәстүрмен келесі айда үйлену тойын өткізгелі отырған отбасының күйзелісі, ата-анасына бұл жаңалық қалай жеткені, олардың көз-жасы. Артында қалған жары мен құрсағындағы сәбиі аман болсын деймін. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Күлкі күні күлкіге кенелтемін деп қиын жағдайға тап болмаңыздар.
