Шын жүректен туған жоба
Біздің қоғамда өмірдің түрлі ауыртпалығын көріп, тағдырдың әртүрлі сынағына тап болса да мойымайтын қайсар жандар көп. Олар өздері бетпе-бет келген қиындықты жеңіп қана қоймай, сонымен қатар айналасындағы адамдарға да қолынан келгенше жақсылық жасап, айрықша ерік-жігердің, қайырымдылықтың үлгісін көрсетіп жүр.
Олардың қажымас қайраты, игі істері мен өмірлік тәжірибесі тек туған-туыстарына, өз ортасына ғана емес, бүкіл ел-жұртқа үлгі бола алады. Мейірімді жандар өздерінің жақсы істерін айтуды ұната бермейді.

«Шын жүректен» бағдарламасының мақсаты осындай ерекше ерлік, жақсылық иелерін елге таныту болды.
Естеріңізде болса, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы өткен маусымда көрермендерге күтпеген сипатқа әлеуметтік жоба ұсынған-ды.
Көпшілікке жақсы таныс реалити-шоу жанрында түсірілген «Шын жүректен» бағдарламасының алғашқы саны 2014 жылдың 6 қыркүйегінде кешкі тоғызда эфирге жол тартқан болатын.
Біздің заманның батырлары деп айтуға әбден тұрарлық жандардың есімін, ерлігін елге жеткізуді мақсат еткен жоба бағдарлама кейіпкерлерін таңдау үшін байқау жариялап, қалың көпшіліктен көмек сұраған-ды. Өзі танитын немесе оның басынан өткерген оқиғасының куәсі болған «Қазақстан» телеарнасының көрермені «Шын жүректеннің» кезекті кейіпкерін анықтауға өз үлесін қоса алды.
Басын қатерге тігіп, жалындаған от ортасынан адам өмірін құтқарған өрт сөндіруші, жетімді жылатпай, оған аналық қамқорлығын сыйлаған асыл жан, науқасты ажал аузынан арашалап қалған дәрігер, бір сөзбен айтқанда, жарымжан көңілге қуаныш сыйлап, айналасындағыларға бергені мол жандар туралы шытырман оқиғалар жаңа жобаның арқауына айналды.
Жаңа бағдарламаның кейіпкерлері миллиондаған қазақстандықтың ілтипатына ие болуға тұрарлық марапатқа лайық батыр жандар болды.

«Шын жүректен» бағдарламасының жүргізушілер Жалғас Толғанбай, Нұржан Еркінұлы, Жұлдыз Ерболат бастаған шығармашылық тобы көрермендерге осы уақыт бойы бірге болғаны үшін алғыс білдіреді.
«Өмір ары қарай жалғасады. Қазақстанда қаншама біздің бағдарламаға лайықты кейіпкерлер бар. Міндетті түрде әлі талай кездесеміз», - деп Нұржан Еркінұлы айтпақшы, алда бізді жаңа, шын жүректен туған жобалардың күтіп тұрғанына сеніміміз мол.
«Шын жүректен» бағдарламасының қорытынды бөлімін мына жерден көре аласыз. Барлық бағдарламаларды қарау үшін мына бетке өтіңіз.
