Шымкентте 15 этномәдени бірлестік жұмыс істеп жатыр
ZOOM платформасы арқылы өткен жиында қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы мен қаламызда әрекет ететін этномәдени бірлестіктер арасында әріптестік байланыстар орнықтыру, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың жуырда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысында берген тапсырмаларын Шымкент қаласында іске асыру жолдарын белгілеу, этносаралық қатынастар саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, оларды тиімді шешу жолдарын айқындау мәселесі талқыланды.
Қазіргі таңда қаламызда 15 этномәдени бірлестік жұмыс жүргізеді.
Мамандардың айтуынша, биылғы жылдан бастап қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының құрамынан этносаралық қарым-қатынастарды дамыту бөлімі ашылып, «Қоғамдық келісім» мекемесі басқармаға қарасты ұйым болып бекіді. Этносаралық қатынастар саласында жаңа, инклюзивті саясатқа басымдық беріліп, қоғамды одан әрі біріктіру жөніндегі міндеттер идеологиялық жұмыстың негізгі тармағына айналып отыр екен.
Онлайн жиын барысында бірлік пен келісімнің қазақстандық моделі аясында халықтың интеграциялық әлеуетін одан әрі тиімді және белсенді іске асыру міндеттері, қазақ тілін ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде ілгерілету жұмыстары, этнос өкілдерін мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтастыру жөніндегі бастамалар, этнос өкілдері жинақы тұратын аумақтарда тұрғындардың қазақстандық мәдени-әлеуметтік құндылықтар аясына топтасуын ұйымдастыру іс-шаралары кеңінен талқыланды.
Этномәдени бірлестіктер жетекшілері салада кездесіп отырған түйткілді мәселелерді қозғап, оларды тиімді шешу бойынша күш біріктіруге әзір екендіктерін жеткізді.
Мамандар қаламызда ішкі саяси тұрақтылықты сақтау әрбір азаматқа жүктелген абыройлы міндет екендігін айта отырып, тыныштықтың негізі болған береке-бірлікті сақтау ісінде қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері жүктелген жауапкершілікті жете түсініп, қоғамдық белсенділік танытады деген сенімін білдірді.
