Шымкентке қоқыс өңдейтін зауыт ауадай қажет
Өркениетті елу елдің қатарына қосылуға ұмтылған тәуелсіз Қазақстанның үшінші қаласы саналатын Шымкент – шын мәнінде шырайлы шаһар. Саябақтары көп, жасыл желекке бөленген қаламызды қашанда мақтаныш етеміз. Саялы ағаштар мен сан алуан әсем гүлдер отырғызу жұмыстары қызу қарқынмен жүргізіледі.
Алайда, проблема да жоқ емес. Қорғасын зауыты, автокөлік нөпірінің көптігі қосымша экологиялық проблемалар туғызуда. Шымкентте қоқыс өңдейтін зауыт салу мәселесі ұзақ жылдардан бері жүзеге аспай келген еді. Сол зауыт салынды. Енді оны іске қосу, яки қоспау жайы көтеріліп отыр. Итальяндық құрал-жабдықтармен жарақталған зауыттың жұмыс істегені дұрыс-ақ. Қазақстанда дәл осындай үш-төрт қана зауыт бар екенін ескерсек, оның біздің қаламызға қажет екені айтпаса да түсінікті. Бұл зауытта жұмыс істейтін білікті эколог мамандардың зәрулігі де сезіледі. Жалпы алғанда, шаһарымыздың шырайы, тазалығы мен мәдениеті жоғары болғанға не жетсін. Осы тұрғыдан алғанда қанша қаржыға болса да әлгі зауытты ертерек іске қосып, ел игілігіне айналдыру керек.Күн сайын орта есеппен алғанда 20 мың тонна күл-қоқыс пен тұрмыстық қалдықтар шығады екен. Бұл – жылына миллиондаған тонна күл-қоқыс айналаға таралып, қоршаған ортаға залал келтіреді деген сөз. Адамның денсаулығын нашарлатып, ғұмыр жасының қысқаруына себеп болады. Аналар мен сәбилердің өлім-жітімінің көбеюіне алып келеді. Экономикалық және экологиялық зардаптарға әкеліп соқтырады. Сондықтан да облыс пен қала басшылығы қаншама қыруар қаржыға салынған қоқыс өңдейтін зауытты ертерек іске қосуды ойластырғаны жөн.
