Yvision.kz
ru
Разное
399 782 жазбалар43 тіркелуші
Всяко-разно
0
06:02, 03 желтоқсан 2019

Шымкент – баяғыдан мегополис! Бізге керегі мегополистік өркениет

Шымкент қаласында ерекше танымдық мәні бар «Шырайлы Шымкент: Береке басы – Бірлік» атты қоғамдық форум өтті. Қоғамдық форум мәртебесін көтерген бұл шара миллионды қала атанған Шымкентте алғаш рет өткізіліп отырғанына қарамай, көптеген қоғамдық мәселелерді көтерді. Қазақ қоғамының бетке ұстар зиялы тұлғаларын жинаған форумда қызғалдақты қала Қазақстандағы мегополис мәдениеті мен өркениеті, қазақ дүниетанымына қалалық мәдениет қалыптастыру мәселелерін тереңінен қаузады. Мегополистердің экономика мен мәдениетке әсері болашақта көтерер жүгі жайында жан-жақты сөз қозғалды.

Бұрынырақта қазақта «Тәшкен көрген» деген тіркес азаматтардың қалалық мәдениеттен хабардар екенін білдірсе, Тәшкен қаласы өзбекке кетуіне байланысты қазіргі қазақ қоғамында ол мәдениет көршілес Шымкентке ауысты деп саналады. Қазақ елінде Шымкенттің алар орнын «Шымкенттен бәрі шығады» деген тіркестің өзі айшықтап беретіндей.

Шымқалада халық санының миллионнан асуы ресми түрде былтыр тіркелгенімен, мегаполистік әлеуеті өткен ғасырдың 90-шы жылдары-ақ байқала бастаған. Тереңірек үңіліп көрейік. Құрсаулы Кеңес өкіметі құлап Тәуелсіз ел атандық. Бұрын қарапайым базар қаражатын Тәшкеннен іздейтін оңтүстік аудандардағы қаймана қазақ қазақ-өзбек шекарасының жабылуы салдарынан, базарды да жұмысты да Шымкенттен іздеп ағылды. Өзге ұлт өкілдерінің өз отанына көшуі есебінен босаған орындарды қазақтардың басуы секілді бірнеше процестер қатар жүрді. Бұл қала халқы санының өсуін жылдамдатып қана қоймай, қала маңындағы елді мекендердің де тұрғындар санын арттыра түскен еді. Осылайша бірнеше жыл ішінде Қазақстанда жаңа ірі мегополис қалыптасты. Миллионды қала атану бар да, қалыптасқан мәдениетті мегополис атану да бар. Екеуі екі нәрсе болғанымен, екеуі де бір-біріне сабақтас: әлеуметтік-экономикалық мәселелер жүгін көтерген жауапкершілікпен қатар, қалыптасқан өзіндік мегополистік өркениеттің болуы. «Шырайлы Шымкент: Береке басы – Бірлік» форумының көтерген жүгі де осы болды. Бізге керегі мегополистік өркениет.

Жаңа ашылған қоғамдық форумды танымал журналист, жазушы М.Байғұт ақсақал жүргізіп отырды. Тізгінші қоғамдағы түрлі тақырыптарды қозғаған бұған дейінгі түрлі қоғамдық форумдар жайлы айта келіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған бұл форумның маңыздылығына айрықша тоқталды.

Жиында сөз алған Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасының басшысы Ж.Бектаева Елбасының «Біздің қуатымыз бірлікте. Біз берік бірлігіміз бен бекем тірлігіміз арқылы ұланғайыр жетістіктерге қол жеткіздік. Алдағы уақытта да иық тіресе жүріп биік белестерді бағындыра беретінімізге сенімдімін. Біздің бағытымыз айқын, болашағымыз жарқын» деген сөзін алға тартып, бұл қоғамдық форумның «Шырайлы Шымкент: «Береке басы – бірлік» деп аталу төркініне бойлады. Республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғалы алғаш рет елді жинаған осынау қоғамдық форумда Шымкенттің жаңа келбетін қалыптастыру, қордаланған мәселелер мен олардың шешілу жолдары жайында ой-пікірлерін талқыға салуға мүмкіндік қаралғанын, форумның жұмысын алдағы уақытта да жүйелі жалғастыратын баса айтты.

Форум қонағы белгілі жазушы, қоғам қайраткері, ғалым-академик М.Кемел ақсақал да Шымкенттің экономикалық-әлеуметтік дамуы, республикалық жалпы ішкі өнімділіктің үлес салмағы туралы деректермен дәйектеп сөйледі. Кәсіп пен мәдениеттегі мегополис қалалардың атқарар қызметі мен үлес салмағы жайында қызғылықты әңгіме қозғады. Мырзагелді ағаның айтуынша, қала маңындағы табиғи азық-түлік белдеуін қалыптастыру арқылы қала тұрғындарының денсаулығын нығайтып қана қоймай, өмір сапасын арттыруға және еңбек өнімділігін арттыруға да зор мүмкіндік пайда болады.

«Шымкенттен қазақтың үні, дауысы, мінезі көрініп тұрады»

«Шымкент мегополис болғалы бірінші рет келіп тұрмын. Қайырлы болсын!» деп сөзін құттықтаудан бастаған форумның тағы бір қонағы, философия ғылымдарының докторы, Қазақстан ұлттық ғылым академиясының академигі Ғ.Есім де шырайлы қаланың болашақ дамуына қатысты пікірлерін алға тартты.

Ғалым «Шымкенттен қазақтың үні, дауысы, мінезі көрініп тұрады. Шымкент – баяғыдан мегополис! Өйткені, мұнда қазақтың ең алғашқы қала салу және қалалық мәдениеті жатыр. Кеше әуежайдан түсе салып Мырзагелді досымнан сұрадым, қалада қанша пайыз қазақша сөйлейді деп. Сексен пайыз дейді. Мұндай көрсеткіш Қазақстанның еш қаласында жоқ! Шымкентті баяғыдан қазақтың мегополисі дейтінім сол. Сондықтан, қалаларыңызбен мақтана беріңіздер!» деп, форумға қатысушылардың көңілін бір серпілтіп тастады.

Шымкент қаласының тарихы, мәдениеті мен өркениеті тақырыбында сөз қозғаған форумның келесі қонағы, педагогика ғылымдарының докторы Е.Омар ақсақалдың да баяндамасы жиын қатысушыларының назарын аударды. Бабалардан жеткен мәдени мұралар жайында сөз қозғап, айтарын «Қайырымды қала» қалыптастыру тақырыбымен қорытындылады. Мұнан кейін мінберге шыққан шешендер Қазақ тілінің қадір мен қазақ жастарының партиоттығы, қалаға, отанға деген сүйіспеншілік жайында ойларын ортаға салды.

Форум қонақтары мен форум соңында сауал-ұсыныс айтушы қатысушылардың сөздері де бір арнадан табылып жатты. Мақсат та, мүдде де бір. Ол-Шымкент атты мегополисте қазақы қала мәдениетін қалыптастыру. Шымкент қаласының мегополистік келбеті мен қала айналасындағы агломерация маңызды мәселе. Оны жүзеге асыру тек қана биліктің міндеті десек қателесеміз. Республикадағы пассионарлық қасиетінің қалыптасуында әрбір тұрғынның үлесі болуы керек. Тұрғынға керегі белсенділік. «Қайырымды жасыл қала» атауына сай мәдениет құру ортақ міндет. Форум жұмысы осылай түйінделді. Аталған алқалы жиын Шымкент қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының қолдауы «Серпіліс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті.

0
423
0