Шетелге, ең алдымен, нағыз білім мен жанның рақаты үшін сапарлаңызшы!
Қазір жастардың, (менің айналамдағылардың) санасын "шетелге шығу" мәселесі жаулап алған. Мейлі, ол оқу болсын, мейлі ол қыдыру, демалу болсын, әйтеуір, "жұрттың баласынан" қалмай шетелге шығу керек. Алғашқысын себеп етіп барғандардың жағдайы, тіпті, сорақы. Бірден айтайын, көпке топырақ шашудан аулақпын, жай ғана мысал келтірем(ін). Мәселен, ҚазҰУ, ЕҰУ сынды "мәртебесі биік" ЖОО өз магистранттарын екі аптаға алыс-жақын шетелдерге тағылымдамадан өтуге жібереді. Екі аптаға! Ал оған ағылшыншасы "Мутко мен Есімовтен аспайтын" студенттер барып алып, сол екі жұмасын қыдыру мен суретке түсумен өткізеді. Сонда бұл екі апта кімге пайда әкеледі?! Сонда білім мен тәжірибенің, қазақтар туралы қалыптасып үлгірген "репутацияның" қайтарымын әдемі суреттер мен сатып алған брэндті киімдерден сұрау керек пе?! Жақын танысым сол ҚазҰУ-дың докторанты. Осы арада оның әңгімесі есіме түсіп отыр: факультетінің студенттері "Академиялық ұтқырлық" бағдарламасымен Австрияға барып, сабаққа қатыспай жүр екен. Ол туралы Венадағы профессор апамның поштасына "студенттеріңе ескерту жасаңызшы",- деп жазып жіберіпті. Өте ұят жағдай, меніңше. Сонда осы ма "шетелге шығу, шетелде оқу" деген?
***
Жарайды, оқуды да талқыладық. Енді бірі шетелге демалуға барады. Барады да, күні бойы телефонмен айналаны фото-видеоға түсіріп, кейін оны әлеуметтік желіде жариялап, достарымен бөліседі. Сонда басқа елдің мәдениетімен танысып, одан ляззат алу, эстетика мен жаңашылдықтарға тамсанып, өзге ұлт xалқымен араласу шетте қалмай ма?! Сонда нағыз демалыс смартфондар мен фотоаппараттардың ықпалында кетпей ме? Кім үшін, не үшін бұл демалыс? Білмеймін, әлде мақтаныш па? Не болса да, адамдар мына гаджеттер келгелі айналаның негізгі құндылықтарынан ада болып бара жатқан тәрізді. Жарайд, ол бөлек тақырып екен ғой...
P.S шетелге сапарласаңыз - ең алдымен, нағыз білім мен жанның рақатын іздеңізші.
