Шетелдің телевидениясын зерттеу үшін, ағылшын тілін үйрену мен үшін таптырмас мүмкіндік

Соңғы бір аптадағы ең маңызды жаңалықтардың бірі білім жүйесіне енген өзгерістерге байланысты болып отыр. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мектептерде үштілді үйрету жүйесіне көшуі, бескүндік оқу аптасының енгізілуі және оқу жылының ұзартылуы туралы ата-аналарға түсініктеме беріп жатыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ елін үш тілді жетік менгерген халық ретінде танып білуі керек деп айтқан болатын. Осыған байланысты тележурналист, сениор лектор Шынар Ыдырышқызының пікірін білген едік.
- Шынар Ыдырышқызы Елбасымыз халыққа жолдаған жолдауында «үш тұғырлы тілді білу – баянды болашақтың кепілі» деген болатын. Осыған байланысты қандай пікірдесіз? Бұл саясаттың маңыздылығы неде деп ойлайсыз?
- Бұл - мемлекет басшысының және Білім және ғылым министірлігінің енгізіп отырған үлкен білім жүйесінің реформасы. Бұл қажеттіліктен туындап отыр деп ойлаймын.Өйткені ағылшын тілі - бүкіл әлем тілі. Әлемді танып білу үшін ең алдымен ағылшын тілін білу керек. Сіздер білесіздер бізде жастарға арналған «Болашақ» бағдарламасы бар. Осы бағдарлама шет елге шығып, елді көріп, олардың мәдениетін, экономикалық дамуын біздің жастар көрсін, үйренсін деп бағытталған бағдарлама. «Болашақ» бағдарламасын ұтып алу үшін міндетті түрде ағылшын білуіңіз керек. Көп білімді балалар ағылшын тілін білмеу салдарынан осы бағдарлама грантын ұтып ала алмай жатады. Енді тағы бір факті бойынша «Болашақ» бағдарламасы әлем бойынша Қазақстанда және Қытайда ғана бар. Қалған бірде-бір мемлекет жастарды оқытуға мұндай қаражатын жұмсамайды. Бұл деген Қазақстан әлемдік экономикалық дамудан, тек экономика ғана емес, бүкіл мемелекеттің дамуына қажетті қандай сала бар, содан қалмау үшін жастар шет елден оқып келіп елімізде жүзеге асыру үшін жасалынып отырған жақсы бағдарлама. Жоғарыда айтып өткенімдей ағылшын тілінсіз жолдама алмайсыз. Демек ағылшын тілін мектептерге енгізудің маңыздылығы осыда деп есептеймін.
-Елімізді әлем халқы үш тілді пайдаланатын білімді мемлекет ретінде тануы керек. Яғни мемлекеттік тілімізді дамытып, орыс тілін қолдап және ағылшын тілін үйрену керектігі қазрігі уақытта ең басты мәселелердің бірі болып отыр. Осы жайында айта өтсеңіз? Өзіңіз үш тілді меңгергенсіз бе?
- Біздің кезімізде ағылшын, француз, неміс тілі сияқты бір шет тілі болды. Бірақ қазіргі кездегідей оқуға мүмкіндік болмады. Орыс және қазақ тілін жетік білеміз, дегенмен көптеген ақпараттар ағылшын тілінде. Ғаламтордың өмірге келуі бізге қаншама ақпарат әкеліп отыр. Алайда менің ағылшын тілін нашар білуімнің салдарынан мен сол ақпараттарды ала алмаймын. Мысалы мен қазір журналистика саласында үлкен зерттеу жұмысымен айналысып жатырмын телевидениеге байланысты. Сіз білесіз, біз Еуропадан экономикалық жағынан қаншама жылға артта қалып жатырмыз. Енді сол ғылыми жұмысқа мысал ретінде сол елдердің телевидениясын барып көріп, жұмысты жан-жақты жетілдіргім келеді. Бірақ ағылшын тілін таяз меңгергендіктен, маған кедергі келтіреді. Қазір өзімді орта буын өкілі ретінде өз баларымен бірге ағылшын тілін үйреніп жатырмын. Өйткені ағылшын тілін білмесем мен барлық ақпарат ағымдарынан қалып қоямын. Ал қалмас үшін, одан әрі даму үшін тілді білу қажетті.
- Білім саласында жүргендіктен 2019 жылдың қыркүйегінде мектептердің 10-11-шы сыныптарына 4 пәнді ағылшынша өткізгелі жатқандығы туралы естіген боларсыз. Әр нәрсенің жақсы мен жаман жағы бар екендігі анық. Мектептерге үш тілділікті енгізуге байланысты қоғамда екі түрлі пікір қалыптасып отыр. Сіз ата-ана ретінде қандай ой айтасыз? Балаларыңыздың осы жүйе бойынша білім алғанын қалар ма едіңіз?
- Бұған байланыты бір нәрсе айтқым келеді. Бұл жерде қазақ мектептеріне қазақ, орыс, ағылшын деп қосудың қажеті жоқ. Тек қазақ, ағылшын болсын деп ойлаймын. Қазақстанда орыс тілі қарым-қатынас тілі. Бала орыс тілін онсыз да меңгеріп алған. Сондықтан қазақ мектептері үшін қазақ, ағылшын; орыс мектептері үшін орыс, ағылшын болып қалғаны дұрыс деп есептеймін. Қазақ мектептеріне тағы бір тілді қосудың қажеті жоқ деген пікірдемін. Бұл менің ата-ана ретіндегі жеке ойым.
- Уақытыңызды бөліп сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет!
