Шетелдегі қазақ балалары — Қазақстанда тұңғыш көтерілген тақырып
Жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған ел едік...
Алайда, Соңғы кездері шекара асып кетіп жатқан жетімдердің тағдыры жүректі сыздатады... Фотодағы балалар Европа елдері азаматтары асырап алған өз бауырларымыз. Интернеттен көшірілген емес, журналист өзі түсірген суреттер.


Талай бала шетелдік асырап алушылардан зорлық-зомбылықтың «көкесін» көруде. Қызылжарлық ағайындылардың АҚШ-та 9 жыл тартқан азабын естіп-біліп жағамызды ұстадық. Бұл – бір ғана мысал.
Алайда, шетелде бұдан басқа 8 806 жетім бала бар екен. 6 мыңнан астамы – АҚШ-та. 725-і Испанияда, 426-сы Бельгияда... Барлығы 30 елге өз қолымызбен аттандырыппыз бауырларымызды. Африка елдерінде де бірнеше қазақ баласы жүр.
Әлемдегі ең қонақжай, ең мейірбан халық бізбіз дейміз. Сөйте тұра қаны бір бауырларымызды қалай жаттың асырауына бердік?
«Қазақстан» Ұлттық арнасының тілшілері шетелдіктер асырап алған, жат жерде, жат ортада жүрген қазақтың өндірдей ұл-қыздарының талайлы тағдырын көзімен көріп келді. Сол зерттеулер «Шетелдегі қазақ балалары» (Жанар Байсемізованың зерттеуі) атты арнайы жобада ұсынылуда.

Бұл тақырып Қазақстанда алғаш рет дәл осындай кең көлемде қамтылып отыр.
Бағдарламаның мақсаты - шет мемлекеттерге кеткен қазақтың бір бөлшегін көрсету. Хабарда олардың қазіргі өмір сүру ортасы, тағдырлары, тұрмыс деңгейі, болмысы жан-жақты баяндалады. Осы бағдарлама арқылы сыртқа ағылған қазақстандық жетім балалар мен Қазақстан арасында байланыс орнату, туған елден жырақ кеткен балалармен қарым-қатынасты үзбеу көзделіп отыр.
Эфирге аптасына бір рет - жексенбі күні 17:20-да шығады.
Продюсері әрі жүргізушісі: Жанар Байсемізова
Алдағы уақытта жоба барысымен кеңінен таныстыратын боламыз.
