Сеулде Ядролық қаруға қарсы халықаралық форум ашылды
Бүгін жер-жаһан Оңтүстік Кореяға көз тікті. Сеулде Ядролық қаруға қарсы халықаралық форум ашылды. Адамзатты суық қарудан бас тартуға үндейтін, атом қолданылатын нысандардың қорғанысын күшейтуді көздейтін алқалы басқосуға қазақ басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып жатыр.
Президент бүгін Оңтүстік Корей басшысы Ли Мён Бакпен кездесті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Барак Обамамен де жүздесті.
Ақ үй басшысы «Қазақстанды ядролық қарудан бас тартушы мемлекеттердің лидері», - деп атап өтті.
Қазақ президенті Сеулде бұдан екі жыл бұрын болды. Ал, Ли Мён Бак Астанаға өткен жылдың тамызында келді. Азия Жолбарысының Орта Азия елдерінің ішінде бізге деген ілтипаты бөлек. Қазақстан Сеулдің Азиядағы жетекші экономикалық серіктесіне айналды. Өткен жылы алыс-беріс бір миллиард АҚШ долларына жетті. Бізде кәріс капиталының қатысымен 800-ден астам бірлескен кәсіпорын құрылып, байланыс стратегиялық деңгейге жетті. Олай дейтініміз, бұл тарап Қазақстандағы екі жілікті жобаға қатысты. Бірі – Балқаштағы су электр стансасының құрылысы, екіншісі – Атыраудағы Газ-химия кешені. АҚШ президенті қазақ елінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздану идеясын жоғары атап өтті.
Барак Обама, АҚШ президенті:
Ресеймен, АҚШ-пен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, Қазақстан ядролық материалдарды қауіпсіздендіре білді. Соның нәтижесінде, бәріміз алаңсыз отыратын жағдайға жеттік. Қазақстанды атом қаруынан бас тартудан әлемде көшбасшы ел деп атар едім. Соған сәйкес, бұл мемлекеттің игі бастамасы алдағы екі күнде осы кездесуге арқау болайын деп отыр.
