«Сергекте» жаңа функция қосылды: Алматыда бір тәулікте 12 миллион теңге айыппұл жазылған
«Жалған мемлекеттік нөмірлік белгілерді пайдаланатын, автокөліктерге арнайы сигнал беру құрылғыларын орнататын көлік құралдарының жүргізушілерін, сондай-ақ мас күйінде көлікті басқаратын адамдарды жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жалғасып жатыр», - деді полиция өкілдері.
Мысалы, кейінгі тәуліктің өзінде «Қорғау Сергек» бағдарламасы арқылы жалған нөмірмен жүрген 11 автокөлік анықталған. Олар бір тәулікте 790 рет ереже бұзған. Жалпы, 12 миллион 680 теңге айыппұл салынған.
Оның ішінде 1992 жылы туған А. есімді ер адам ұсталған. Ол жол ережесін 92 рет бұзған. Жалпы, 1 миллион 541 мың теңге айыппұл салынды.
«Жыл басынан бері жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдаланғаны үшін 171 көлік құралы ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, кейінгі тәулікте арнайы жарық-дыбыс және дауыс зорайтқыш сигналдарды заңсыз пайдаланатын екі автомашинаның жүргізушілері ұсталды. Сонымен қатар, көлік басқармасынан 7 мас жүргізуші шеттетілді», - деп түйіндеді полковник Саттаров.
Фото алынды tengrinews.kz
