Сенат мемлекеттік сатып алулар туралы заң жобасын қабылдады
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары «Мемлекеттік сатып алулар туралы» ҚР Заңын қабылдады. Құжат туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады.
«Заң жобасы бойынша конкурстық құжаттамаларды алдын ала талқылау институты енгізіледі. Бұл норма өтінім берушілерге техникалық талаптармен алдын ала танысуға және олар бойынша ескертулер болған жағдайда оларды жою туралы өтініш беруге мүмкіндікті қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, конкурстан тыс рәсімдерге қойылатын талаптар көтеріледі. Ал шарттар жасасудың, тауарларды беру туралы электрондық жүк құжаттарының, орындалған жұмыстар мен қызметтер көрсету актілерінің және электрондық шот-фактуралардың тек қана электрондық форматы енгізіледі», - деді министр.
Құжат сатып алулар ережесін жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуды қарастырады.
Негізгі заңмен қоса «ҚР-ның мемлекеттік сатып алулар туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.
Сондай-ақ, Сенат сот жүйесін жаңғырту туралы заңды Мәжіліске кері қайтарды
Сенат сот жүйесін жаңғырту туралы заңды Мәжіліске кері қайтарды. Бұл туралы бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Жоғары Сот Кеңесі, сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды.
Заң жобасында судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптарды қатаңдатуға бағытталған нормалар қамтылған.
Заң жобасы Елбасы айқындаған бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын атқару мақсатында әзірленген.
«Судьяның отставкаға шығауы үшін судьялық жұмыс өтілі он бес жылдан жиырма жылға ұлғайтылады. Сонымен қатар, Жоғарғы сот жанында Сот төрелігі академиясының жұмыс істеуі және Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюриінің жаңа құрылымын құру көзделеді», - дейді Жоғарғы сот судьясы Ақылтай Қасымов.
Бұдан бөлек, заң жобасымен судьяның кәсіби қызметін бағалау белгіленеді. Мәселен, алғаш рет ол судья лауазымындағы бір жылдың нәтижелері бойынша, ал кейіннен әр бес жыл сайын жүргізіледі. Бұл ретте жиырма және одан да көп жыл судьялық өтілі бар судьялардың кәсіби қызметін мерзімді бағалаудан босатылады.
Заң жобасына талқылау барысында сенаторлар тарапынан бірқатар өзгерістер енгізу қажеттігі туындаған. Атап айтқанда, жоғарғы палата депутаттары судьялыққа кандидаттың жұмыс өтіліне қойылатын талаптарды түзетуді ұсынып отыр.
Сонымен қатар, сенаторлар Жоғарғы Соттың Төрағасы лауазымына кандидаттар үшін міндетті судьялық жұмыс өтілі туралы талаптарды алып тастау қажет деп санаған.
