Сайлауалды үгіт-насихат жүргізіледі
Шарада штаб басшысы Сұлупан Шынтасова сөз алып, үгіт-насихат жұмыстарының барысына тоқталды.
— Ақтөбе қалалық сайлауалды штаб аппаратының құрамында 16 адам бар. Штабтағы 16 адам әртүрлі бөлімге бөлінген. Бүгінде қалалық 43 және облыстық 17 үміткер үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті. Ол үшін барлық өкілетті мекемелермен келісімшарт жасалды.Елбасы, партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырғандай, үгіт-насихат науқаны аясында біз сайлаушыларды 100 пайыз қамтуға тиіспіз. Бұл үшін барша партияластар, кандидаттар сайлау науқанына белсене атсалысуы керек. Пандемияны ескере отырып, қарқынды да нақты бағдарланған жұмыс жүргізу — маңызды міндеттердің бірі. Нақты әлеуметтік топтар — зейнеткерлер, жұмысшылар, аграршылар, мұғалімдер және дәрігерлермен кездесеміз. Олардың толғандырған мәселелерін жан-жақты талқылаймыз. Сайлауалды бағдарламада көрсетілген мәселелердің нақты шешімін әрбір сайлаушыға қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізу қажет. Шалғай ауылдарға да бару керек, — деді ол.
Қалалық сайлауалды штабы Nur Otan партиясының Ақтөбе облыстық филиалы ғимаратында орналасқан. Штабта қоғамдық-саяси жұмыс секторы, ұйымдастыру бөлімі, қоғамдық қабылдау, қаржылық, материалдық-техникалық қамту бөлімі мен заңгерлер бөлімі бар. Штаб құрамына бұрын сайлауды өткізуге қатысқан тәжірибелі мамандар тартылды. Бұдан басқа тағы 54 адамнан тұратын қоғамдық штаб құрылды. Оның ішінде Ақтөбе қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат ретінде тіркелген 43 үміткермен бірге, әр саладан тәжірибелі мамандар тартылған. Бүгінде штабтың толық жұмыс жасауы үшін арнайы кабинеттер бөлініп, барлық мүмкіндіктер жасалған. Сайлаушылардың сауалдары бойынша кандидаттардың қабылдау жүргізу үшін арнайы қоғамдық қабылдау кабинеті жұмыс жасайды. Ол жерде мәслихат депутаттығына кандидаттар қабылдауды онлайн форматта жүргізеді. Қалалық мәслихатқа кандидат ретінде тіркелген барлық үміткерлер желілік кестеге сәйкес өткізілетін шараларға қатысатын болады. Желілік кестедегі шаралардың 40 пайыздан астамын онлайн форматта өткізу жоспарланған.
Ақтөбе қаласының сайлауалды бағдарламасының 7 негізгі бағыты бар. Оларды атап өтсек: «Экономикалық тұрақты қала», «Жайлы қала», «Әлеуметтік бағдарланған қала», «Жастар үшін қала», «Тарихы мен мәдениеті бай қала», «Ашық және есеп беретін жергілікті органдар» және «Қауіпсіз қала» бағыттары.Мұның барлығының негізгі мақсаты — халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту үшін жағдай жасау.
Қаржы Nur Otan партиясы Ақтөбе қалалықсайлау қорынан төленді
