Мазмұнға өту
Обложка сообщества Әртүрлi

Samsung жүк көліктерін басып озу кезіндегі қауіпсіздігін мәселесіне өз шешімін ұсынды

Жаңа технология дамып, түрлі гаджеттер күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған тұста, олардың қаншалықты пайдалы һәм қауіпсіз екені маңызды рөлге ие болып отыр.

«Бүгін жексенбі» бағдарламасының бүгінгі санында біз осындай бірнеше құралға тоқталып, олардың сіз бен бізге бере алатын пайдасы жайлы сөз қозғаған болатынбыз. Солардың бірі – Samsung компаниясының жаңалығы жайлы осы жерде әңгімелеп беруді ниет еттік.

Көлік жүргізушілер, әсіресе, қалааралық жолмен алыс сапарға шыққандар үлкен жүк көліктерін айналып өту, басып озудың қиындау екенін жақсы біледі. Алып фураның артында тасбақаша ілбіп отыру, әрине, кім-кімнің де көңіліне жақпайды, алайда қарсы бетке шығып, алдына түсемін деу – қатерлі. Статистикаға сөз берсек: барлық жол-көлік апаттарының 80%-ы дәл осы басып озуды дұрыс жүзеге асырмағаннан болады екен.

Samsung компаниясы мәселені шешу үшін өз әдісін ұсынып отыр. Оның арқасында қарсы келе жатқан көлікпен соқтығысып қалу қатерінің деңгейін әжептеуір төмендетуге болады дейді.

Оңтүстік Корея компаниясының аргентиналық бөлімшесі тәжірибе жүргізіп көріпті. Ол үшін компания жүк көлігінің алдына камералар орнатқан, ал артқы есігіне жұмысшылар бірнеше экран қойған. Яғни жүк көлігінің артында келе жатқан жүргізуші жүк көлігінің алдындағы жағдайды осы экрандар арқылы көріп, біліп отыра алады. Алдыңғы жақта не бар екені, қарсы беттегі көліктің бар-жоқтығын білу үшін оған қарсы жолаққа шығудың қажеті жоқ.

«Қауіпсіз жүк» атанған бұл әдіс арзан емес, әрине. Камералар мен экрандар қою біраз қаржы талап етеді, алайда, қауіпсіздікке ештеңе тең келмейтінін ұмытпау керек-ау.

«Бүгін жексенбі» бағдарламасының бұл санынан сіздер өзге де қызықты деректерге қанығып, атақты боксшы Марат Мәзімбаев пен Қазақстандағы ең жас сәнген  Әйгерім Қайраттың сұхбаттарын тамашалап, Қытайдағы «Намыс-дода» жарысына қатысып жатқан қазақстандықтардың жағдайын біліп, Ақылбек Жеменей мен Диана Шарапованың жаңа бейнеклипінің тұсаукесерін көре аласыздар.

Бағдарламаны толық көру үшін мына сілтемеге өтіңіз.

0
0
388

Осы тақырып бойынша