САБАҚ РЕФЛЕКСИЯСЫ (Жинақ. «Жеті модульді ықпалдастыра оқыту» сериясынан)
Естеліктің түрі көп, біреуге фото естелік, біреуге сазды әуен естелік, біреуге арналған жыр естелік, біреуге әдемі сыйлық естелік, біреуге құнды құжат естелік, айта берсең көп. Бұл жинақ 2016 жылдың 28 наурызы мен 28 мамыры аралығында деңгейлі курс оқыған 3-топ тыңдаушыларының курс барысындағы тәжірибесінен естелік ретінде дайындалған. Курс мерзімінде бірге жүріп, бірге тұрған, бірге оқып, бірге қуанған мұғалімдер өмірінен естелік. Олардың тренерден, «Мұғалімге арналған нұсқаулықтан» ғана емес, бір-бірлерінен үйренген күндерінен естелік. Бір аудиторияда бетпе-бет отырып, бір-бірінің келбетін ғана емес, сенімі мен мақсатын, мінезі мен талғамын, қылығы мен көзқарасын, іскерлігі мен ұқыптылығын көрген, бірін-бірі толықтырған күндерінен естелік. Әріптестерінің мектептегі тәжірибе кезеңінде видеоға түсіріп әкелген сабақтарын көріп, таңданған кездерінен естелік. Таныстырылым жасалып бітпей жатқан, емтиханға дайындық жетпей жатқан қарбалас күндерінен естелік. Алғашқы келген күннен бастап, сертификат алған күнге дейінгі аралықтағы қызықтары мен қуаныштарынан, толқулары мен қобалжуларынан естелік. Бұл жинаққа ҚР педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстары деңгейлі бағдарламасы бойынша білімдерін жетілдіріп, өз тәжірибелерін өткізген мұғалімдердің алғашқы сабақтарының барысы мен өзіндік ой толғаулары, курс кезінде жазған күнделіктерінен үзінділер енгізілген. Жинақ материалдары үлгі ретінде емес, деңгейлі бағдарлама бойынша білім алған мұғалімдер үшін тәжірибе алмасу, оқып жүрген, сондай-ақ, оқуға ниет білдіріп жүрген ұстаздар қауымы үшін қосымша ақпарат алу, тәжірибе ұштау құралы ретінде ұсынылып отыр.

Біліктілікті арттырудың деңгейлі курсынан өткен, 3-топта оқыған әр тыңдаушымның мен үшін орны бөлек. Тыңдаушылардың күнделіктерін оқыған кезде Сағынай мен Гаухардың ойды жүйелеп баяндау, түйіндеу қабілеттерінің күшті екендіктерін байқадым. Оқи отырып риза болдым. Назгүлдің ұқыптылығына таң қалдым. Үнемі күлімдеп жүретін Сағынай мен Назгүлді, азаматтық ұстанымдары күшті Бану мен Ажарды, сабақта қоянның көжектері құсап отыратын Сымбат пен Толқынды, өзгеше бір әлем болып жүретін Табиғат пен Алмагүлді, шынайылығымен көпшілікті баурап алған Олжасты, бар ойы да, көңіл-күйі де көзінен көрініп тұратын Әйгерімді, курстың соңына дейін салмақты қалыптарынан бір айнымаған Күлшат пен Назираны, курста оқи жүріп конференцияға қатысып, оқушысының жұмысын конкурсқа ұсынып, ауылына Алғыс хатпен қайтқан аса белсенді Бақытгүлді, алысқа сапар шексең еш ойланбастан ертіп кетуге болатын Динаны, бір іс бастасаң оң қолың болуға лайық Гүлімді, өзі әнші, өзі биші, өзі суретші, өзі ақылды Маржангүлді, емтиханда оқ бойы озып шығып, топтың туын биіктеткен Гаухарды... бәрін-бәрін сағынатыным анық. Ажар мен Назираға серпін, Бигүлге денсаулық, Маржан мен Назгүлге батылдық, Рита мен Алмагүлге көтеріңкі көңіл-күй, Гүлімге әйел нәзіктігін, Набираға сенімділік, Ақмаралға дарынды перзент, Олжас пен Алтынға адал серік тілеймін! Өмірде жолдарың болсын! Армандарыңа арман жалғаңдар!
3-топ тренері Ләзат Дүйсембекова
