Сағат әженің 58 немересі, 70 шөбересі және 4 шөпшегі бар
Тұрар Рысқұлов ауданында 103 жастағы әжей тұрады. Сағат Қалқабаева әжеміз жастайынан еңбекпен шыңдалған. Күні бүгінге дейін дәрігерге қаралмаған. Сау саламат. Бос уақытысында қолөнермен айналысады.

Талайды таңғалдырып келген әженің бүгінгі қажырлы қайратына біздің тілшілеріміз де тәнті болып қайтты. Сағат әже өмірінде оразасын бұзбаған, намазын қаза қылмаған жан. Биыл да жылдағы қалпынан талмай ауыз бекітті. Соған қарамастан қария қол қусырып қарап отыруды жөн санамайды. Күні кешке дейін үй тірлігіне араласып кетеді. Жастайынан қолөнерді серік еткен ол бүгінде сол өнерге немере, шөберелерін баулуда. Қимылы ширақ, денсаулығы сыр бермеген Сағат әжені сырттай бақылап, 103-ке келді деуге ауыз бармайды. Сағат ҚАЛҚАБАЕВА 103 ЖАСТАҒЫ ӘЖЕ /Дағдыма білмеймін. Жас кезімнен осы қолөнермен айналысып келем. Бүгінде бұл өнерге немере-шөберелерімді баулудамын. Тігінмен айналыссам уақытымда өтеді, ауырғанымды да байқамай қаламын. / Сағат әжей бүгінгі өміріне шүкіршілік етеді. Алайда, ол да өз кезеңінде замандастары секілді талай тауқыметті бастан өткерді. Жолдасы Нармат ата екеуі қой фермасында мал бақты. Қызылша алқабында еңбек етті. Осындай қиын кезеңдерде 10 баланы да дүниеге әкелді. Бүгінде сол ұл-қыздан өрбіген, көз тимесін, 58 немере, 70 шөбере және 4 шөпшегі әженің көз қуаныштары әрі мақтаныштары. Барлығы 142 ұрпағы бар. Ғалымжан ҚАЛҚАБАЕВ, ҰЛЫ /Анама рахмет. Анамыз әкеміз екеуі он баланы өсірді. Бұлар біз үшін асқар тау. Ешкімнен кем қылмай оқытты, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Анамыз ауырмасын. Біздің алдымызда ұзақ өмір сүрсін. / Астанан күні мерекесіне орай әжені құттықтап келген облыстық іскер әйелдер қауымдастығының өкілдерін ақ дастарханын жайып қарсы алды. Біздің телеарнамен бірлесе ұйымдастырған «Жүз жасаған аналар акциясында» қонақтар ол кісіге сый сияпатын жасады. Ал, ғасырдан астам ғұмыр кешкен жан аналық ақ батасын берді. Иә, мұндай жанға таңқалмасқа болмайды. Көңіл жарасқан кездесуде Сағат әженің суырып салма ақындығы бар екенінен куә болдық. Кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық өзі жазған өлеңдерін де оқып берді. Өмірдің алтын кілтін қолына ұстап, шаңырақтың ұйытқысы болып отырған ақ жаулықты ананың бар тілегі – ел тыныштығы екен. Ал, біз өз кезегінде бір отбасыың шырайын келтіріп, мереке сыйлап отырған асыл анамызға жасай беріңіз демекпіз. Мархабат Көпбосынова, Талғат Досмамбетов.
