Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

СҚО Тәртіптік кеңесі қатаң сөгіс жариялады

Ағымдағы жылғы 22 қазанда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңестің төрағасы Әділбек Қайырбекұлы Мұқашевтың төрағалығымен Тәртіптік кеңестің кезекті отырысы өтті.

Күн тәртібінде 9 мәселе қаралды, ішіндегі 8 тәртіптік іс жемқорлық құқық бұзушылықтар және мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінің нормаларын сақтамауына қатысты болды.
Алдымен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ұсынымы бойынша, еңбек заңнамасының нормаларын бұзған, Қалалық балалар емханасының бас дәрігеріне қатысты тәртіптік іс қаралды. Нақтырақ айтқанда, өзге жерде қызмет ететін қызын қоса атқару шартын жасаспай жұмысқа қабылдаған дәрігер, оған еңбекақысын да толық көлемде төлеп келген.
Жемқорлық сипатына жағдай жасап, заңмен көзделмеген артықшылықты көрсеткен тұлғаны, Тәртіптік кеңес қызметінен босату жөнінде ұсыныс жасады.
Келесі қарастырылған мәселе – азаматтық жұмысшыны еңбек шарты бойынша өзіне орынбасар ретінде тағайындаған, облыстық құрылыс басқармасының басшысына қатысты тәртіптік іс болды.
Мемлекеттік қызметшінің мұндай әрекеті Ар-намыс кодексі мен заңнама талаптарына қайшы деген шешімге келген Кеңес мүшелері, басқарма басшысына қатаң сөгіс жариялауды ұйғарды.
Тайынша ауданы прокуратурасының ұсынымы бойынша Тайынша қаласы әкімінің орынбасары және кеңесшісіне қатысты тәртіптік істер қаралды. Аталған тұлғалар, мемлекеттік сатып алулар бойынша конкурстық комиссия құрамында конкурс талаптарына сай келмейтін қатысушыны, бірнеше рет конкурс жеңімпазы ретінде таныған екен. Шартты шегерімдердің негізсіз қабылдануының кесірінен, әлеуетті жабдықтаушыларға өз құқықтарын жүзеге асыруға кедергі жасалды.
Жемқорлық жағдайын тудыратын құқық бұзушылыққа жол берген, құзырына кіретін мәселелерді шешу тәртібін бірнеше рет бұзған Тайынша әкімдігінің қызметкерлеріне, қызметтеріне толық сай еместігі жайында ескерту жасалды.
Отырыс барысында азаматтың өтінішін қабылдау, тіркеу және қарастыру бойынша тиісті шара қолданбаған М. Жұмабаев ауданы мәдениет бөлімінің жетекшісіне қатысты да тәртіптік іс қаралды.
Ал жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібін бірнеше рет бұзғаны үшін, осы аудандағы Чистовое ауылдық округінің әкіміне қатысты тәртіптік іс Құқықтық статистика басқармасының материалдары бойынша қарастырылды.
Ар-намыс кодексін сақтанбаған мемлекеттік қызметшілерге сәйкесінше, сөгіс және қатаң сөгіс жарияланды.
Бұдан соң, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің басшысына қатысты тәртіптік іс қаралды. Мемлекеттік экологиялық сараптама өткізу жөніндегі Явленка аудандық ауруханасының өтінішін қабылдамаған басшы, мемлекеттік қызмет көрсету Стандартымен көзделмеген құжаттарды да талап еткен.
Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде заңмен көзделмеген ақпаратты талап еткені үшін қызметіне толық сай еместігі жайында ескерту жасалды.
Жамбыл ауданының Троицкий ауылдық округінің әкіміне де қатысты тәртіптік іс қаралды. Жер учаскелеріне құқық ұсыну туралы шешімдерді жер заңнамасын бұзумен қабылдаған, сонымен қатар ол өтініштерді қарау мерзімдерін бұзған.
Қарастыру нәтижесі бойынша, Ар-намыс кодексін бұзған шенеунікке қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза тағайындалды.
Кездесу соңында СҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасының мемлекеттік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын, мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексін сақтау, 2015 жылдың 9 айындағы көрсетілген мемлекеттік қызметтер бойынша ақпараты тыңдалды.
Отырысты қорытындылаған Кеңес құрамы, бұдан былай сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды болдырмау және халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін тиісті шешімдер шығарды.

0
0
916

Осы тақырып бойынша

СҚО Тәртіптік кеңесі қатаң сөгіс жариялады - Yvision.kz