Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

СҚО кәсіпкерлерінің І сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумы өтті

Ағымдағы жылғы 19 мамырда Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментімен аймақ кәсіпкерлерінің І сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумы ұйымдастырылды. Аталмыш жиынға бизнесмендер, Кәсіпкерлер палатасының және өзге де мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

Форум жұмысының барысында бизнес ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы моделді қалыптастыру, жемқорлық жағдайларын жоюға кәсіпкерлерді белсенді жұмылдыру, кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, әкімшілік тосқауылдарды жоюдың тетіктерін іздестіру мәселелері қаралды.

Кездесуде модераторлықты Мемлекеттік қызмет істері министрлігі аумақтық департаментінің басшысы Ғ.С. Тұрсынбаев атқарды.

«Қазіргі уақытта бизнес субъектілерінің кәсібі тиімді болуы үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Өйткені елдің әл-ауқатының артуы отандық тауар өндірушілердің дамуына тікелей байланысты. Сондықтан шағын және орта бизнесті лауазымды тұлғалар мен бақылау-қадағалау органдары өкілдерінің заңсыз қысымынан қорғау Мемлекеттік қызмет істері министрлігі қызметінің басым бағыты болып табылады», - деді Ғалым Тұрсынбаев жиынды ашу кезінде.

Бүгінгі таңда мемлекеттік сыңайлы және жеке секторда сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін бизнестің жемқорлыққа қарсы хартиясы қабылданды. Онда жемқорлықтан таза қазақстандық жеке кәсіпкерлікті жүргізудің негізгі принциптері көрініс тапқан.

Кәсіпкерлік және туризм субъектілеріне көрсетілетін қолдаудың ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс және осы салада көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Е.Ә. Ықыласов баяндап берді.

Аймақтық кәсіпкерлер палатасының директоры Т.С. Ысқақов кәсіпкерлердің бірқатар өзекті мәселелерін қозғады, олардың басым бөлігі осы саланы реттейтін заңнамада кездесетін қайшылықтарға қатысты болды.

Тұрар Ысқақовтың мәлімдеуінше Ұлттық палатамен қолданыстағы заңнамаға енгізу үшін 1100-ден астам түзетулер әзірленіп, олардың 850-і мақұлданған. Баяндама барысында бизнесті жемқорлықтан барынша қорғау үшін Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті институтының енгізілгендігі белгілі болды.

Ал тұтынушылар атынан кездесуге қатысқан СҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі департамент басшысының орынбасары Т.Л. Горлова, тұтынушыларды адам өмірі мен денсаулығына қауіп келтіретін тауарлар (жұмыстар, қызметтер) туралы ақпараттандыру жұмыстары тұрақты негізде жүргізілетіндігін айтты. Өйткені пайданы қуалаумен болатын кейбір кәсіпкерлер сапасыз ал кейде мерзімі өтіп кеткен тауарларды да сатумен айналысатындықтары барлығына белгілі. Артынан әкімшілік жауапкершілікке тартылған мұндай тұлғалардан бірқатар мысалдар да келтірілді.

Бизнес өкілдеріне мемлекеттік және мемлекеттік сыңайлы секторда мемлекеттік қызметтерді ұсыну кезінде орын алатын әкімшілік кедергілерді жою жөніндегі Департаментпен атқарылатын жұмыс туралы Мемлекеттік қызмет істері министрлігі СҚО бойынша департаменті Мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы М.Қ. Қасымов баяндады.

Бұдан әрі қатысушылар кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін талқылауға кірісті. Сұрақ қоюшылардың қатары қалың болды. Әсіресе аудандардың бизнес субъектілері көкейлерінде жүрген барлық сауалдарына құзырлы органдардың егжей-тегжейлі түсіндірмелерін алды.

Кездесу соңында Ғалым Тұрсынбаев, өздерінің адал кәсіптерімен көзге түскен, сондай-ақ қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға үлестерін қосып келе жатқан кәсіпкерлердің еңбектерін алғыс хаттармен еледі.

Болашақта дәстүрлі түрде өткізу жоспарланған бұл шараға жүзден астам адам қатысты.

 
0
0
500

Осы тақырып бойынша

СҚО кәсіпкерлерінің І сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумы өтті - Yvision.kz