Әйел адамзаты үшін сұлулық қашан да маңызды. Ал сұлу болудың сыры күтімде. Материалдық және психологиялық жағдайларға, жас пен дәрежеге қарамастан ол осыны ұмытпауы керек. Күтімге барлығы кіреді: сырт келбет, дене бітімінің және жан дүниенің күтімі.
Осылардың ішінде жан дүние күтімін ерекше атау қажет. Өзіңізді рухани тоқыраудан сақтаңыз. Ол үшін мұражайға, театрға жиі барыңыз, күнделікті кітап оқыңыз, жаныңызға жақын, сүйікті ісіңізбен(би, аспапта ойнау, ән айту, мәнерлеп оқу, сурет салу, т.б.) айналысыңыз. Осы аталғандар сіз үшін рухани азық болатын құнды дүниелер. Жан дүниеңіз жадырап, нұрланып тұрса, сіз де айналаңызға жылулық пен махаббатты сыйлайтын боласыз.
Дегенмен адаммен танысып, сөйлеспейінше , оның жан дүниесін білмейсіз. Демек, оның сырт келбеті, дене бітімі, киіну стилі сізге бірінші әсер етіп, ол жайы пікір қалыптастыруда негізгі рөлді атқарады. Сондықтан да сырт келбетіңіздің күтіміне аса мән бергеніңіз жөн. Бұл орайда бет, шаш, тырнақ, қас күтімін басты назарда ұстау керек. Косметологтардың айтуы бойынша бетті иіс сабынмен жууға болмайды. Күнделікті бет күтіміне арналған гель қолданған дұрыс дейді мамандар. Сондай-ақ, бет теріңіздің типіне қарай түрлі скраб, маскаларды аптасына бір-екі рет пайдалану қажет.
Қас – адамның мінез-құлқының көрсеткіші. Дұрыс терілген қас сіздің бет пішініңізді өзгертіп, жасартып көрсететін қасиетке ие. Шашыңыздың түсі мен үлгісі дұрыс таңдалмаған болса ажарыңызды қашырады. Сол себепті, алғашында қас пен шашты ретке келтіруде сала мамандарына жүгінгеніңіз абзал. Тырнақты ретке келтіру өзіңіздің қолыңыздан келеді. Егер сенімсіз болсаңыз, сән салондарынан жасатуға болады. Бастысы, тырнақтар бір ұзындықта болып, күтімі көрініп тұрса, болғаны.
Дене бітіміңізді қалпында сақтау үшін спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтаныңыз. Дұрыс тамақтанудың 50%-ын таңғы ас құрайды. Ол күні бойы сергек,жігерлі жүруіңізді қамтамасыз етеді. Диетологтардың кеңесіне жүгінсек, белгілі бір уақытқа дейін тамақтың кез келген түрімен қоректенуге болады: көмірсуларды, қанты бар тағамдарды 12-ге дейін, нан өнімдері мен қуырылған тағамдарды түскі 3-ке дейін, картоп ,банан сияқты крахмалды өнімдерді кешкі 8-ге дейін ғана қабылдау керек. Және ұйықтар алдында кем дегенде 2 сағат бұрын тамақтанбаған абзал.