«Сұхбат». Ерболат Мұхамеджан
Сіздердің назарларыңызға «Сұхбат» жобасын ұсынамыз. Біздің бірінші қонағымыз ̶ Ерболат Мұхамеджан, мемлекеттік қызметкер, экономист. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында жүргізуші-редактор қызметін атқарған.

̶ Ассалаумағалейкүм, Ерболат мырза! Кезінде пікірсайыстың қақ ортасында жүріп, өзінің орнын қалдырған Ерболат Мұхамеджан бұл күнде не істеп жүр? Қайда? Қандай қызметте?
̶ Уағалейкүмәссәләм. Аллаға шүкір қазір мемлекетке қызмет жасап жүрмін. Менің анам осы күнге дейін Қазпоштада жұмыс жасап келеді. Айтайын дегенім, кішірек кезімде анам аудандағы Қазпошта орталығына есеп беруге келетін. Сол кезде аудандағы әкімшілік мекемесінің дәл алдынан өткен кезде, мен осы жерде қызмет етуім керек деп өзімше ойлап қоятынмын. Сол кішкене арманның әсері болар өзімнің туған жерім Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданына ат басын тіреген жайымыз бар. Мемлекеттік қызмет, нақтылап айтатын болсам аудан әкімінің көмекшісі.
̶ Қателеспесем, жас болсаңыз да бірнеше салада бағыңызды сынап көрдіңіз. Қазіргі қызметіңізге дейін ұлттық арнада жүргізуші-редактор болып жұмыс істедіңіз, жалпы қызмет жолыңызға тоқталып өтсеңіз.
̶ Жас болған соң әртүрлі салада өзімді сынап көрдім. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң алғашқы жылдары қызметімді қолданбалы экономикалық орталығында экономист-аналитик ретінде бастадым, одан кейін Алматы сауда палатасының «кәсіпкерлік мектебінде» директор. Білім саласында еліміздің алдыңғы қатарлы ЖОО-да (ҚазЭУ, ҚазГЗУ) дәріс оқыдым. Дәл осы білім саласында жұмыс істеу жеке өзім үшін абыройлы іс болды. Ал одан кейінгісін өзіңізде білесіз.
̶ Сіз бірнеше жыл бойына пікірсайыспен айналыстыңыз, пікірсайыс сізге не берді?
̶ Шынымды айтсам, Пікірсайыс бізге әртүрлі саладағы, болашақта қоғамда өзінің ойып тұрып алатын орны бар, кәсіби және шын берілген достарды берді; және алдыңғы толқын аға-әпкелерді, кейінгі толқын артымыздан ерген іні-қарындастарды берді. Пікірсайыс бізге кез-келген ортада дұрыс, әрі нақты, ойланып сөйлеуді үйретті; Пікірсайыс бізге бәсекелестікке қалай төтеп беруді үйретті. Себебі пікірсайыстың бір ерекшелігі ол жарыс. Қысқасы, пікірсайыстың бергені көп. Пікірсайыс арқылы біраз нәрсені үйрендік. Және оны жақсы қолданудамыз.

̶Осы күнгі пікірсайысқа берер бағаңыз қандай? Осыдан бірнеше жыл бұрынғы пікірсайыс пен қазіргі пікірсайыс арасында алшақтық басым деген пікірге не дейсіз? Тіпті, бағыты мен құндылықтар өзгерген деп те айтылып жүр.
̶ Осы күнгі пікірсайыста талап ету деген түсінік жоқ сияқты ма қалай өзі?! Осы күнгі пікірсайыста пікірсайысшының ойынына байланысты сын аз айтылатын сияқты, немесе айтылса да сол сынын түзеп келесі пікірсайыс ойындарында оны қайталамауға тырысатын ойыншылар некен-саяқ. Мысалға, мен осыдан біраз жыл бұрын біраз пікірсайысшының 1 курсында ойнаған ойынын көрген едім, және кейін 4 курсында тағы бір пікірсайыс турнирінде ойындарын көріп қалдым. Өзгеріс жоқ. Сол қалпы, айғай, пафос. Және сонымен қатар төменгі курстағы пікірсайысшыларға бірнәрсе үйреткісі келеді. Қазақта сөз бар «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген. Неге олай деп отырмын, бұрындары біз ойнаған жылдары бір турнирлерде егер сөзіміз сұйық шығып, ойынымыз әсерлі болмаса сол үшін үйлестірушіден және «Азамат» клубының жиналысында сазайымызды алатынбыз.Сынның астында қалғанымыз сондай, екінші рет пікірсайысқа қатысуым керек пе өзі деп те ойланып қалатынбыз. Қазіргі кезде сол кезеңдегі Ринат Думанұлы, Әсел Хамза, Алма Сайлауқызы, Әуез Қарабалаевтар жетіспейтін сияқты. Қазіргі пікірсайысшыларға сын айтса көтере алмайтын сияқты, егер біреу сын айта қалса, осыдан қалайда өшімді алам деп жүретін сияқты ғой))). Пікірсайысшыда нағыз жігіттік мінез болу керек. Егер бойында ол қасиет болмаса пікірсайыс емес КВНмен айналысу керек. Құндылықтардың өзгергені сондай қазір мен деген пікірсайысшыларды көре алмай жүрмін. Біздің кезде лидерлер қалыптасты ғой пікірсайыстың арқасында. Ал қазір көңіл қуантарлық жағдай пікірсайысшылардың біраз бөлігі шет тілдерін меңгеріп, шетелге оқуға жолдама алғандығы. Және зияткерлік бағытта дамып жатқандығы. Бірақ, менің ойымша пікірсайыс ол пікірсайыс ретінде қалуы тиіс.
̶ Өзіңіз қай жағына жақынсыз, экономикаға ма, әлде саясатқа ма?
̶ Екеуінің ортасы деуге болады. Негізінен мемлекеттік шаруашылықты жүргізудің жалпы ұлттық ережесі «саяси экономия» деген атқа ие. Яғни менің ұстанғым келетіні дәл осы саяси экономия.
̶ Қазіргі әлемде қалыптасқан жағдайға байланысты (Украина мен Ресей, АҚШ пен Ресей, Еуропа мен Ресей) Қазақстанның ұстанымы қандай болуы керек?
̶ Қазір ешнәрсеге таң қалмайтын болдық. Кез-келген мемлекеттің асығы алшысынан түсуі немесе аяғы аспаннан келуі де мүмкін екенін тарих дәлелдеп келе жатыр. Өткенге оралайық, кезінде екінші дүниежүзілік соғысынан кейін Германия мен Жапония туралы бүкіл әлем елдері бітті бұлар құриды деген пікірде қалған. Бірақ жарты ғасыр өтпей олар аяқтан ғана тұрып қойған жоқ, басқаларға қалай өмір сүру керектігін үйретуде. Тарихқа үңілсек олар өндірістік даму кезеңінде ешкімге жалтақтамады. Менің ойымша, бізге де дәл сол принципті ұстану керек сияқты. Бірақ бізге саяси тұрғыда Қазақстанның бұрыннан келе жатқан көп векторлы саясаты бізді жарға жықпайды деп сенемін. Яғни бізге ойыншы болудың қажеті жоқ, бізге бірнәрсені түсінетін кез келді ешкімге жалтақтамай өз ұлтымызға арқа сүйеу қажет. Бірақ бұл дегеніміз басқа мемлекеттермен байланысымызды үземіз деген сөз емес.
̶ Адам психологиясы өте күрделі, әрі өте нәзік қой. Сіз өзіңізді қиын жағдайда қалай ынталандырасыз? Психологиялық тез берілуден қалай сақтанасыз?
̶ Мен бірінші ойланамын, бұл менің мазалануыма немесе күйзеліске түсуіме соншалықты тұратын зат па деп. Және мынаны түсіну керек, Алладан қорықсаң мына біз проблема, қиын жағдай деп жүрген заттар түкке тұрмай қалады. Ол жай ғана белгілі бір кезеңдердегі кішігірім сынақтар. Сіздің өмірге келуіңізден бастап, кетуіңізге дейін неше түрлі сынаққа кездесесіз. Ал негізі сондай бір қиын жағдайға түсіп жатсам Аллаға жалбарынамын. Сосын анамнан кеңес сұраймын, ағамнан. Және өзімнің қияметке дейін деп ант еткен достарым бар солармен ақылдасамын.
̶ Сіздің өміріңізде жетістікке жетуіңізге ықпал еткен тұлғалар не ұстаздарыңыз кімдер?
̶ Ықпал еткен Апам, Анам мен Ағаларым ғой, сосын достарым. Ал кішкентай кезімнен ұқсағым келген тұлғалар Абай Құнанбайұлы, Дәулет Тұрлыханов, және Бекболат Тілеухан, Нұртай Сабильянов. Үшеуімен кездестім. Біреуімен кездесе алмадым))). Кішірек кезімде бөлмеме Анам Абайдың суретін іліп қоятын. Сосын бертін келе кітаптарын ұсынды. Барлығын оқып шықтым. Өзі өсе келе ұқсағың келетін тұлғалар көбейе береді екен. Әркімнің жақсы жерін үйреніп қалғың келеді.

̶ Ерболат мырза, өткен жазда отбасын құрдыңыз. Қазақ айтады: үйлену оңай, үй болу қиын деп. Қазақстанда отбасын құру оңай ма? Қандай қиындықтарды мемлекет ескермеген?
̶ Оның ешқандай қиындығы жоқ сияқты. Тек ниет болса болды. Бірақ менің отбасы құрған соң бір таң қалғаным Қазақстанда отбасын құрудан гөрі ажырасу оңай сияқты. Құдай сақтасын, адам үйленген соң ажырасу үшін үйленбеу керек. Енді бұл туралы бір көсіліп ешнәрсе де айта алмаймын. 1 жылға жетпеген тәжірибемен бұл тақырыпты талқылаудың өзі ұяттау сияқты ма қалай өзі?))) Мемлекет жас отбасы үшін жақсы бағдарламалар әзірлеген. Тек оны дұрыс пайдалана білу керек сияқты.
̶ Отбасы жайында сіз үнемі ойыңызда ұстайтын нәрселер.
̶ Өзімде сабыр, әйелімде иман болса жетістікке жетеміз. Отбасылық үйлесімділікті солай табуға болады.
̶ Сұхбатыңызға рақмет.
̶ Оқасы жоқ. Сізге де алғыс.
Фотосурет: Ерболат Мұхамеджанның фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алынды.
