«Рух пен тіл» жастары Айдос Сарыммен кездесу өткізді
«Бүгінгі билік сөзіңді тыңдау үшін қалтаңда бір миллион ақшаң немесе бір миллион қолдаушың болу керек». 27 қазан күні «Рух пен тіл» клубының қонағы болған саясаттанушы Айдос САРЫМ билік ауыспай еліміздегі жағдайдың өзгермейтінін, ұлттық мемлекет құрылмай, қазақ ұлтының проблемалары шешілмейтінін айтты.
«Рух пен тілдің» бүгінгі күнгі отырысы әдеттегідей қызықты, әрі мазмұнды өтті. Айдос Сарым – елімізге танымал саясаттанушы, ұлтшыл азаматтың бірі. Айдос мырзаның кездесуде айтқан ойлары жастардың көңілінен шықты, көптеген өзекті мәселелердің жауабы берілді. Кездесу барысында Айдос Сарымның кішкентай кезінде тентек болып, білімге аса құштарлық танытпағанын білдік. Тіпті, қазіргі интеллектуал азамат үлгерімінің төмендігіне байланысты кешкі мектепте оқыған екен. Бірақ өзінің ізденімпаздылығы мен білім-ғылымға деген құштарлығының арқасында бүгінгі таңда еліміздің бетке ұстар азаматтарының біріне айналды. Жылына 80 кітап оқитын Айдос мырза, жастарға уақыттарын тиімді пайдаланып, білімдерін молайтуға шақырды.
Клуб отырысы барысында Айдос мырзаға «Қазақ ұлтшылдары тарапынан не себепті табанды күрес жоқ? Неліктен қазақ ұлтшылдары біріге алмауда?» деп қойылған алғашқы сұраққа қонағымыз былай деп жауап берді: «Қазір қоғамның белсенділігі аздығынан да күрес белгілері тіпті көрінбейді. Қазақ ұлтшылдарының бірігуінің екі түрлі бағыты бар: оның бірі – көсем таңдау, ал екіншісі – белгілі бір қаражат пайда болуы арқылы бір партия құру. Оңайлықпен келген дүниенің қадірі болмайтындықтан, бұл жолда азаматтық белсенділік таныту қажет, қайрымдылықпен айналысу керек. Ол – әрбір азаматтың міндеті. Сондай-ақ бүгінгі таңда билік сөзіңді есту үшін қалтаңда кем дегенде бір миллион ақшаң немесе бір миллион қолдаушың болу керек. Сондықтан әрбір адам бірінші кезекте өзінен бастау керек». Клуб отырысына қатысқан қоғам белсендісі Нағашыбай ЕСМҰРЗАЕВ қонағымыздан «Қазіргі қазақ не себепті өзгеріп кетті?» деген сауал қойды. Өз кезегінде бұл сауалға Айдос мырза қазақ халқының өзгеруіне, осынашама қысымды көруі тек 70 жыл коммунизм немесе 300 жыл отарлықтың кінәсі еместігін, айналып келгенде мәселенің негізгі түбірі өзіміздің менталитетімізде екенін айтты.
Сонымен қатар, Айдос Сарым бүгінгі таңда әрбір азаматты алаңдатып жүрген «Қазақстанның келесі президенті кім болады?» деген сауалға жауап берді.
«Біздің елде Конституциялық биліктің ауысу механизмдері бар. Бірақ бүгінгі қоғамның қиянаты – заңды түрде бүгінгі билікті ауыстыратын ешқандай күш жоқ және мүмкіндік те жоқ. Билік жақсы болсын, жаман болсын, егер сол билік өз билігін сақтаймын десе, онда ол неше түрлі құйтырқы әрекеттерге барады. Ал жалпы, мен келесі президенттің кім болаты жөнінде мынадай екі нәрсені білемін. Біріншісі, келешек президенттікке бүгінгі саяси элитаның ішіндегі саяси көзқарас тұрғысынан ең әлсіз деп танылған адам келеді. Екіншісі, Назарбаевтан кейін келетін кез келген адам одан он есе, жүз есе әлсіз болатындығы анық»- деді А.Сарым.
Мұнымен қоса, бұл сауалдардан бөлек, қонағымызға елімізде болып жатқан оқиғалар мен мәселелерге қатысты сауалдар қойылып, оған мардымды жауаптар алынды.
Кездесу соңында Айдос Сарым жастарға ұлттық мемлекет құру идеясында жұмылған жұдырықтай болып, ұлттық мүдде төңірегінде бірігу керек екенін айтты.
Ал «Рух пен тіл» клубының кезекті отырысы 3 қараша күні, сағат 15:00-де өтеді. Клуб қонағы белгілі саясаттанушы – Расул ЖҰМАЛЫ.
Автор: Жансая АЙНАБЕК
Толығырақ: http://rukhpentil.org/?p=1206
