Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Роботтар және тұрақты даму уақыты

Астана қаласының ЭКСПО Конгресс орталығында «World Robot Olympiad» деген атаумен робототехникадан республикалық жарыс басталды.

Республикалық сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен үш жүзден астам мектеп оқушыcы қатысып жатыр. Жарыс «Негізгі», «Шығармашылық» және «Роботтар футболы» категориялары бойынша өтеді.

Робототехника бойынша ұлттық чемпионаттың ашылуында жас дарындарды Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова және «LEGO Education» компаниясының ТМД бойынша өкілі Юрий Вирич құттықтады. 

300 қатысушының 200-ден астамы зияткерлік мектептерде оқиды. Оңтүстік астанамыздан 30 оқушы қатысуда, яғни ең көп делегат Алматы қаласынан. 

Байқаудың ең жас қатысушысы – Павлодардан келген 8 жасар Жасмин Ещанова. Ол байқаудың «Негізгі» санатында өнер көрсетеді. Жасмин министрдің қолынан арнайы сыйлық – ноутбук алды. Оның бапкері Назым Арыстанбекқызы Павлодар қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 2015 жылғы түлегі, Назым жарысқа үш топ дайындаған. 

– Біз барлық мектептерде цифрлы технологияларға деген қызығушылықты оятудамыз, ұлттық чемпионаттың қатысушылары бүгіннің өзінде цифрлы Қазақстанның негізін қалап үлгерді, – деп атап өтті Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев іс-шараның ашылу салтанатында. 

Жарыс жеңімпаздары арасынан 2017 жылғы 10-12 қарашада Коста-Рикада өтетін WRO-2017 халықаралық олимпиадасына бару үшін ұлттық топ жасақталады. 

– Біз олимпиада қатысушыларын жарқын болашақ күтіп тұрғанына сенеміз. Өйткені олар бүгіннің өзінде сыни тұрғыдан ойланып, сандық технологияларға үлкен қызығушылық танытып отыр. Бұл нағыз ғалымдарға тән қасиет, – деп атап өтті «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова. 

Ұлттық чемпионат – WRO робототехника бойынша халықаралық кезеңінің іріктеу бөлімі. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ 2014 жылдан бастап «World Robot Olympiad» сайысының Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі және осы шараны зияткерлік мектептерде жыл сайын өткізіп отырады.


0
0
994

Осы тақырып бойынша

Роботтар және тұрақты даму уақыты - Yvision.kz