Құрметті отставкаға шығарып салды
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Мұратғали Әкетай салтанатты жиын барысында Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы Лидия Федоровна Капустинаны құрметті отставкаға шығуымен құттықтады.Лидия Федоровнаны салтанатты түрде құттықтай отырып, сот төрағасы М. Әкетай әріптесіне көпжылдық адал еңбегі үшін алғысын білдірді, сонымен бірге Лидия Федоровнаның судья лауазымында қызмет атқарған жылдары өзін кәсіби, әрі сауатты заңгер ретінде танытқанын, бірнеше жыл тәлімгерлік институтына жетекшілік еткенін атап өтті. Оның білімі, кез келген істің мән-жайына терең үңіле білуі, мамандығына деген сүйіспеншілігі сот төрелігін жоғары деңгейде іске асыруға мүмкіндік берді.
Л.Ф. Капустинаның артта қалдырған жұмыс тәжірибесі мол – Қазақстан Республикасының сот жүйесіндегі жалпы жұмыс өтілі 40 жыл болса, оның ішінде судья қызметінде 32 жыл жұмыс атқарған.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы қызметінде Л.Ф. Капустина өзін өте сауатты судья ретінде танытты, бойындағы бірбеткейлік пен кәсіпқойлық оны өзгелерден ерекшелендіріп тұрады. Сот төрелігін атқаруға кәсіби тұрғыдан жауапты қарап, өз білімі мен тәжірибесін үнемі жетілдіріп жүреді.
Ол соттың қоғамдық жұмысына белсенді қатысып, судья әдебі жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі болды. Тәлімгерлер кеңесін басқарып, өзі де тәлімгер ретінде жас судьяларға жауапты мамандықты игеруге қомақты көмегін тигізді.
Жиналғандар Лидия Федоровнаға жылы лебіздері мен тілектерін айтып, әсіресе адал және мінсіз қызметі, кәсіпқойлығы, терең білімі мен тәжірибесі үшін ризашылық пен алғыстарын білдірді. Сот ұжымы өз әріптесіне мықты денсаулық, алдағы істері мен игі бастамаларына табыс тіледі.
Өз кезегінде Лидия Федоровна барша жиналғандарға бірлесе қызмет атқарғандары үшін алғыс білдіріп, сот төрағасы Мұратғали Әкетайға әділдіктің ақ жолындағы алдағы қызметіне табыс тіледі, облыстық соттың жұмысын ұйымдастыру саласына жаңа креативті идеяларын енгізіп жүрген сот төрағасының бұл жұмысы өзінің оң нәтижесін беріп жатқанын, сот жұмысын үздік ұйымдастыру конкурсының қорытындысы бойынша сотымыздың 1-орынға ие болғаны соның дәлелі болып табылатынын тілге тиек етті.
Іс-шара соңында сот ұжымы Лидия Федоровнаға Солтүстік Қазақстан облысының судьялары атынан гүл шоғы мен бағалы сыйлықтарын табыс етті.
