Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары!
Міне биыл халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігіне ие болғанына 29 жыл. Осы аз уақыт ішінде еліміз көптеген жетістікке қол жеткізді. Мемлекетіміз ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлар, іргелі бағдарламалар қабылдап солардың бәрін сәтті жүзеге асырып келеді. Қазақстандықтар алмағайып өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарын жеңіп, әлемдік сахнаға көтерілді. Бұл тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Яғни рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты — азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау біздің басты мұратымыз.
Қазақ деген халықтың өресі биік, өрісі кең екенін әлем жұрты білді. Бүгінде еліміздің осынау толымды табыстарға қол жеткізуі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында деп білеміз.
Құрметті Отандастар!
Ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде жариялаған Тәуелсіздік күні құтты болсын!
Еліміздің дәулеті, халықымыздың береке- бірлігі жолындағы игілікті істер таусылмасын! Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!
Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов
