Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

РЕСЕЙ ҚАЗАҚТАРЫ немесе тағы да тіл мәселесі

1-сурет. Ресейдегі Құрманғазы ескерткіші.

 

Ресейде қазақтар негізінен Қазақстанмен шекаралас аймақтардың бәрінде, яғни Алтайдан бастап Астраханьға дейінгі жерлерде тұрады. Ең алдымен мына мәселенің басын ашып алуымыз қажет, жалпы сырттағы қазақтардың басым көпшілігі өз ата-қоныстарында отыр, бұл әрине Ресей қазақтарына да қатысты. Ал атамекенінен тысқары кеткен қазақтар Әлемнің қай түпкірінде жүрсе де сол елдерде, мысалы, Стамбұлда «Қазақкентті», Ауғанстанда «Қазақ сарайын», Үндістанда «Қазақабадты» салды. 
Ресейде тұратын қазақтарды өңірлер бойынша таратып айтатын болсақ ең алдымен, Астрахань, Орынбор, Омбы, Саратов, Волгоград, Челябі, Самара, Қорған, Түмен, Новосібір, Мәскеу, Свердлов, Ростов, Томск облыстарында, Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында, Қалмақстан, Башқұртстан, Саха, Татарстан, Алтай республикаларында және Алтай мен Краснояр өлкелерінде де тұрады.

2-сурет. Қазақтардың этникалық картасы.

 

Ресей халықтарының ішінде саны жағынан қазақтар алғашқы ондықтың ішінде (ал Ресейдегі түркі халықтарының ішінде татарлар мен башқұрттардан және чуваштардан кейін төртінші орында тұр). Жалпы саны 1 млн 156 мың шамасында, Ресей тарапының айтуынша Ресейдегі қазақтар саны 654 мыңның төңірегінде (2002 жылғы дерек). Әрине Ресейдің әуелден қазақтардың санын азайтып көрсететін дағдысы бар. Ол бөлек әңгіме. Ресейдегі қазақтар саны жөнінен дүние жүзіндегі қазақтардың саны бойынша Қазақстан (11 000 000 миллионнан астам) мен Қытайдағы (2 700 000) және Өзбекстандағы (2 000 000 миллион) қазақтардан кейінгі төртінші орын алады.

Ресей қазақтарының орта жасы 30,2 құрайды (ал ол орыстарда 37,6 жас). Шамамен қазақтардың 67,5 % ауылдық жерлерде тұрады (орыстардың тек 23,3 %), яғни өсу әлеуеті бар деген сөз. Әрине ауылдық жерлерде тұратын қазақтардың басқа ұлттармен араласуы сирек, алайда қалалық жерлерде тұратын кей қазақтардың арасында аралас некеге тұрғандар да бар.
Ресей қазақтарының басты проблемасы ол - дәл Қазақстандағыдай тіл мәселесі. Жалпы алғанда қазақтардың жоғарыда аталып өткендей 70 пайызға жуығы ауылда тұратын болғандықтан (және көбінесе таза қазақ ауылдары) қазақ тілі жақсы сақталған деуге болады. Бірақ Ресей қазақтары өкінішке орай мектептерде өзге тілде сусындайды. Егер Астрахань облысында бұрын 74 мектепте, Орынбор облысында 18 мектепте, Саратов облысында 6 мектепте, Омбы облысының Қоянбай ауылында, Самара облысында қазақ тілі факультативті түрде оқылып келген болса, қазіргі күні Астрахань облысының 55 мектебінде ғана факультативті түрде оқытылады, Орынбор, Саратов, Самара, Омбы облыстарында да жағдай осыған ұқсас. Ресейдің басқа да өңірлеріндегі бірлі жарым мектептерде қазақ тілі факультативті түрде оқытылады. Ал енді, Орынбор, Астрахань, Саратов, Омбы облыстарындағы қазақтардың саны әрбірінде 200 000 бастап 100 000 адам аралығын құрайды. 112 000 қазақ тұратын Байөлке (Монғолия) қазақтарында 40 шақты таза қазақ мектептері бар. Осындай пропорция бойынша Ресейдің әр облысында қанша қазақ мектебі болуы керектігін есептеп көріңіз. Деректер бойынша алып Ресейде 1 ғана таза қазақ мектебі бар?!. Осының өзі өте қатты ойланатын жәйт. Әрине кейбіреулер әуелі Қазақстанда жағдайды түзеп алуымыз керек деуі де мүмкін. Бірақ тілсіз ұлттың болашағы жоқ екені бәрімізге аян болғандықтан, енді шамамен 100-150 жыл көлемінде Ресей қазақтарынан айырып қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан, Ресей Үкіметінен қазақ мектептерін ашуды талап етуіміз қажет. Мен бұл жерде факультативтік пән ретінде оқылатын қазақ тілін айтып отырғаным жоқ. Қазақстандағы саны тіптен аз халықтардың өзінің ана тілінде мектептері бар екенін еске түсіріп көрейікші? Бізде қаншама одан басқа әрбір диаспораның жексенбілік мектептері тағы бар. Білім және ғылым министрлігі бұдан хабардар деп ойлаймыз.

3-сурет. Астрахань қаласында қазақ театры мен би ансамблін ұстап отырған Айгүл деген сұлу осы кісі.

Енді Ресейдің әр өңірі бойынша қазақтарға шолу жасап көрейік.
Астрахань облысында тұратын қазақтар облыс халқының саны бойынша екінші орын алады, Қазақстанмен шекаралас аудандардағы қазақтар сол өңірлердің (мысалы, Володар, Краснояр т.б аудандарында) басым халқы болып саналады. 2005 жылы Астрахань педагогикалық институтында «Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі» мамандығы бойынша кадрлар даярлана бастады. «Жолдастық» қазақ мәдени орталығы Астрахань облысында өтетін барлық мәдени іс-шараларды ұйымдастырады. Алтынжар ауылында дәулескер күйші, ұлы композитор Құрманғазы Сағырбайұлы жерленген. 1996 жылы Қазақстан бөлген қаржыға Құрманғазының кесенесі қайта жөндеуден өткізілді. «Ақ арна» газеті шығарылып тұрады.

2000 жылдың ақпанында Волгоград облысында қазақтардың «Қазақстан» қоғамдық бірлестігі тіркелді. Ал, Саратов қазақтары 1997 жылы «Еділ қазақтарының қауымдастығын» құрды. «Хабар» атты орыс тілінде газет шығарылып тұрады. Саратов қазақтарының жартысына жуығы Краснокут ауданына тұрып жатыр. Қазақтардың «Арман» қоғамдық бірлестігі құрылған. Саратов облысының Энгельс қаласындағы педагогикалық училищеде бастауыш мектептердегі қазақ тілі мұғалімі мамандығы оқытылады.

Бұрын Орынбор қазақтарының 14 әртүрлі қоғамдық бірлестіктері болған болса, қазіргі күні олар Орынбор өңірінің «Ақ жайық» қазақтар қауымдастығына бірігіп отыр. Сондай-ақ Қалмақстанда тұратын қандастарымыз «Жерлестер» атты бірлестікке ұйып отыр.
1996 жылғы 17 маусымда Ресейдің «Ұлттық мәдени автономиясы туралы» Федеральдық заңына сәйкес Ресей қазақтарының қоғамдық бірлестіктерінің өңірлік мәртебесі бар 5 ұлттық-мәдени автономиялары құрыла бастады. Олар Қорғанда, Мәскеуде, Омбыда, Самарада және Татарстанда құрылды. Жалпы алғанда қазақтардың 20-дан астам қоғамдық бірлестіктері жұмыс істеді. Сонымен, 2005 жылдың 6 желтоқсанында Самарада Ресей қазақтарының құрылтайы өткізілді.

Мәскеуде «Қазақ тілі» қоғамы, «Мұрагер», Санкт-Петербургте «Атамекен», Самарада «Ақжол», Алтайда «Ата мұра», Челябіде «Бірлік», Омбыда «Мөлдір», Екатеринбуг, Мурманск қалаларында, Татарстан, Саха Республикаларында және т.б. көптеген аймақтарда қазақ мәдени орталықтары жұмыс істейді. Соның бірі - Самара қазақтарының «Ақжол» қоғамы өздерінің тиімді жұмыс істеуі үшін ғимарат салып беру туралы Қазақстан Үкіметіне өтініш хат жазғандарына қарамастан, жабулы қазан сол күйінде қалуда. Өз арамыздағы өзге ұлттарға қамқоршыл Қазақ Үкіметі сырттағы қазақтарды кеудеден итеруге қашан да құмар. 
Жоғарыда атап өткен жалғыз қазақ мектебі - Қаракөл орта мектебі орналасқан Құлынды даласындағы Керей ауылының негізі 1916 жылы қаланған және аталған мектептегі барлық пәндер қазақстандық «Атамекен» бағдарламасы бойынша жүргізіледі әрі оған Павлодар облыстық Білім департаменті қолдау көрсетіп отырады. Ресей қазақтарының ішінде ерекше орын алатын Алтай Республикасының Қосағаш ауданын атап өтуге болады. Ресей құрамында болғанына қарамастан салт-дәстүрі мен тілі жақсы сақталған дәл осы Қосағашымыз. Қосағашта Ресей қазақтарының кіші құрылтайы да өткізілді.

Жалпы, қысқаша шолу жасаған кездегі Ресей қазақтарына қатысты мәліметтер осындай.

4-сурет. Ресей жеріндегі қазақтардың ескі ескерткіші

2
0
6129

Осы тақырып бойынша

РЕСЕЙ ҚАЗАҚТАРЫ немесе тағы да тіл мәселесі - Yvision.kz