Реформалармен танысу кезегі бақылаушы мемлекеттік органдарда

Ағымдағы жылғы 21 тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Бірінші институционалды реформаны және 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны түсіндіру бойынша Техникалық реттеу және метрология комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің, орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының ұжымына семинар өткізді.
Мемлекеттік қызметшілерді жаңа жұмыс жағдайына бейімдеу мақсатында, ұйымдастырушылар мемлекеттік қызмет жүйесіндегі реформа, мансаптық қызмет ерекшеліктері және еңбек төлемінің факторлық-балдық шәкілі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясат туралы ақпаратты молынан беруге тырысты.
Сонымен қатар, еңбек төлемінің қоры, бағалау критерийлері, мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау шаралары, тексеріс үрдістерін реттейтін және бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғайтын нормативтік-құқықтық актілер мен «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасына түсініктемелер берілді.
СҚО бойынша техникалық реттеу және метрология департаментінің басшысы В. Чепухин кездесуді қорытындылай келе, бақылаушы органдардың мемлекеттік қызметкерлері тұтынушылардың мүдделерін әрқашан қорғайтындығын жеткізді және тексерілетін субъектілерді қамту арқылы бақылаушы мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында «Тексерушінің қызметтік этикасы» атты конкурс өткізу туралы ұсыныс жасады.
