Құрақбаева Бибіғайша Сағындыққызы
Құрақбаева Бибіғайша Сағындыққызы Атбасар қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Сағындық Ұлы Отан соғысының ардагері. Сонау Берлинге дейін барып, Жеңісті жақындатқан. "Ерен ерлігі үшін" медалімен наградталған. Ал анасы болса өмір бойы балаларының жағдайын жасап, отбасының берекесін келтіріп отырды. Мектеп қабырғасында жүргенде Бибіғайша апай мұғалім болуды армандады. Белсенділігімен көзге түсті. Бірақ түрлі себептерге байланысты медицина училищесінде оқу бұйырыпты. Он бес жылын медицинаға арнады. Алайда оның бала арманы маза бермеді. Оған қоса, денсаулығына байланысты медицинадан кетуге мәжбүр болды. Сөйтіп, білімін шыңдап, біржылдық педагогикалық курсты тәмамдап, Атбасардағы құлағы нашар еститін және көздері нашар көретін балаларға арналған мектепке тәрбиеші болып орналасты. Ал еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген кезде Атбасар қаласында қазақ тілін жақсы білетін мұғалімдерге сұраныс артты. Орыс мектептерінде оқитын балаларға қазақ тілі үйретіле бастады. Сол кезде Бибіғайша Сағындыққызы нөмірі үшінші орта мектепке мұғалім болып орналасты. Осылайша, зейнетке шыққанша мектепте дәріс берді. Жиырма жылын бала оқытуға арнады. Тәуелсіз елдің білімді ұл-қыздарын тәрбиеледі. Осылайша, егемен елдің болашағына мемлекеттік тілді үйретуге барынша атсалысты. Бүгінде Бибіғайша Құрақбаева өмірлік серігі Аман Шалабайұлы екеуі үш қыз, бір ұл өсіріп, қызығын көріп отыр. Олардан көрген немерелеріне мейірім мен шуағын төгіп келеді. Тәуелсіздік жылдары еліміздің қалыптасуы үшін аянбай еңбек еткен осындай азаматтарды ұмытпай, керісінше, барынша ардақтау - болашақ ұрпақтың басты міндеттерінің бірі.
