ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткерлер Жаңақалаға келді
Қыркүйек айынан басталған партияішілік сайлаудан оқ бойы озып, үздіктер қатарынан көрінген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер 3 кандидат – облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, М.Өтемісов атындағы БҚУ-нің доценті, тарихшы Жаңабек Жақсығалиев, Ақжайық ауданы Тайпақ ауылдық аурухана меңгерушісі Сәбира Сүндетова 11-желтоқсанда Жаңақалаға іссапармен келген еді. Іссапардың негізгі мақсаты – 2021-жылдың 10-қаңтары күні өтетін ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауы туралы ақпараттар беру және сайлауалды бағдарламаларын таныстыру еді. Біздің ауданға ат басын бұрған «Nur Otan» партиясының үміткерлері ең алдымен Қызылоба ауылында болып, ел-жұртпен кездесті. Алдағы бес жылға арналған сайлауалды бағдарламаларын таныстыра отырып, бірқатар мәселелердің шешілу жолдарын атқарушы билікке жеткізетіндіктерін айтып, жиналған жұртшылықтың сұрақтарына жауап берді. Одан кейінгі кездесу аудан орталығында жалғасын тауып, аудан халқымен жүздесті. Бағдарламаға сай жоспарларымен бөліскен кандидаттар ауыл өміріне қатысты келелі мәселелерге тоқталып, шешімі табу үшін жұмыстанатындарын тілге тиек етті. Сонымен қатар, еліміздің басты партиясының халық үшін тиімді бірқатар бағдарламаларын айтып, партиямен бірге болуға шақырды. Артынша аудан орталығында орналасқан «Қуан» сауда орталығы мен аудандық ауруханаға арнайы барып, ауыл халқымен кездесу барысында пандемия кезіндегі хал-ахуал жайын сұрады. Денсаулық жайын сұрасқан диалогтан кейін бағдарламамен таныстырып, алдағы өтетін сайлау кезінде басты партияны қолдауға үндеді. Аудан орталығынан соң Мәжіліс депутаттығына үміткерлер Жаңақазан ауылына аттанды. Мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен жүздесіп, сайлау туралы ақпараттар беріп, бағдарламаларын жан-жақты таныстырды. Еліміздің басты партиясының халық үшін жасап жатқан, алдағы күнде атқаратын істерін айта келе, партияны қолдап, дауыс беруге шақырды. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген үміткерлерге «Nur Otan» партиясы Жаңақала филиалы төрағасының бірінші орынбасары Р.Аманғалиұлы сәтті сапар мен ақ жол тіледі.
