Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Құрқұдық

- Шәкерім Құдайбердіұлының қалай мерт болып, қалай, қай жерде жерленгені, арада 30 жыл уақыт өткенде 1961 жылы ұлы Ахаттың қалай қазып алғаны жөнінде ауылдастары, туыстарының естеліктері бар,-дейді Құралай Мұхамедшайыққызы. – Соның бірі Мұхтарғазы Момынғазиннің естелігі. Ол кісі Кәрімқұлдың Қабышынан жазып алған екен. Шәкерімнің шәкірті болған Қабыш ағамыз жақсы әнші, әсіресе қажы атаның әндерін нақышына келтіріп шырқайтын болған. Ол аңшылықтың да қыр—сырын жақсы меңгерген екен. Қасқырдың бөлтірігін күзде енесі болып ұлып шақырып, сан рет атып алған, күшігі інде болған кезде тамақ әкелген енесінің қыңсылаған дауысына салып, іннен шыққан күшіктерді қапқа тоғытатын өнері болған дейді. 1931 жылы қажы атылғанда Қабыш 18-19 жаста екен. Қабыштың әкесі Кәрімқұл НКВД-нің адамдары Шәкерім атаны атып өлтіріп, ауылға алып келгенін, келесі күні мәйітті түйеге артып, әлдебір жаққа әкетіп бара жатқанда қай жерге көметіндерін аңдып жүріп көрген де сол араға баласы Қабышты жұмсап, өзеннен екі тас алдырып, мәйітті көмген құдықтың ортасына қойған. Кейін Шәкерімұлы Ахатқа сол құрқұдыықты көрсетіп, ертіп апарған да осы Қабыш ағамыз. Сонда Қабыш ағамыз: «Құдық тереңдігі шамамен бір жарым метрдей екен. Мәйітті жүресінен отырғызып, бетін жауыпты. Басында сақалын таба алмай, қаза келе екі тізенің арасымен құдық табанына түсіп, топырақпен жабылып қалған жерінен теріп алыпты. Сүйектерді жинап, тазалап отырып, бір оқ оң қолдың тоқпақ жілігіін үзіп, екіншісі кеуде сүйекті тесіп өткенін анықтапты. Сақалын жеке жинақтап буғанда көлемі аз көрінді. Қажы ата өмірінің соңғы жылдарында сақал өсіруге қатты көңіл бөлген. Атқа мінерде сақалы көзді жауып бөгет жасамас үшін ұшын белбеу астына қыстырып қоятын болған. Біздің ақсақалдар граф Лев Толстой мен Шәкерім атаның философиялық сұрақ берісіп, 7 хат жазысқан дейтін. Граф та өмірінің соңғы кездерінде сақал өсіруге мән беріп, ұзын сақалды болғаны баспа беттерінде кездесетін» депті. Ахат аға қажы ата көмілген топырақтың әр түйірін асықпай үгітіп, барынша ұқыптап, қазып алып, соңынан ашық тастап кетпей, топырағымен жауыпты. Әке сүйегін алғанымен басқа мүшелері сол құдықта қалды ғой. Ойып алған шымдарды мұқият орналастырып, жауып кеткен. Бұл – Керегетас дейтін, тік жақпар тасты, басында үңгір қуысы бар, іргесінде ағып жатқан өзені, қалың ағашы бар - табиғаты көркем жер екен. Ахат ағамыздың «Қарт қазасына» деген өлеңінде: «Тай мен Шақпақ арасы, Керегетас саласы. Жер күңіреніп сілкінді, Сарыарқаның саласы» дегендегі Керегетас осы! Ғылым, философия, жазушылық... ал қолы қалт еткенде ағаштан ер шауып, ыдыс-аяқ жасап, ою ойып, өрнек салумен айналысқан өнертапқыш, сынған сағат, іс машиналарды жөндейтін әрі медицинадан да хабары болған Шәкерім Құдайбердіұлының ешкімге зияны тимей, керісінше елдің, жердің, болашақ ұрпақтың қамын ойлаған кемеңгер жан сол заманның шаш ал десе бас алатын шолақ белсенділерінің қолынан қапыда қаза тапты. Белгілі қаламгер, шәкәрімтанудың білгірі  Мұхтар Мағауин - қажы толық ақталмай тұрғанның өзінде жалтақтамай-ақ Ленинград баспасынан атаның  бірнеше өлеңдерін бастырып шығарды. Жазушының әкесі Мағауия кезінде Шәкеріммен сыйлас болған, шығармаларын балаларына жаттатып, елге әңгімелеп айтып, алғаш жеткізуші адам болған екен.

Міне, бұл күнде Павлодарда тұратын Құдайберді ұрпақтары алакөбең шақта ажал құшқан терең ой иесі, кемел Шәкерім ата жайлы осылай дейді.

Тобықтай түйін:

Жоғарыда атап өткеніміздей ұлының есімі мен шығармашылығын тек туған жері Семей өңірі ғана емес, барлық алты Алаш әспеттеуі тиіс. «... сұранып келмейтін, қуанып кетпейтін жалғаншы дүниенің опырайған олпысы мен кемірейген кемшіні әлі көп екенін» (Әбіш Кекілбаев) ескерсек, сол олпының орнын толтыратын уақыт әлдеқашан жетті. Абай Құнанбайұлының шәкірті болған, Мәшһүр Жүсіп сынды дара тұлғамен ниеттес болған Шәкерім Құдайбердіұлының шығармашылығы Кереку өңірінде де кеңінен насихатталуы тиіс. Ол үшін үлкен-кіші демей кез келген оқу орнынан Шәкерімтану ғылыми-зерттеу орталығын ашып, еңбектері зерттелсе (жарық көрмегендері де баршылық), жыл сайын оқушылар, жастар арасында «Шәкерім оқулары» ұйымдастырылып, ол республикалық сипат алса құба-құп. Аймағымызда әлі күнге дейін өзге ұлт өкілдерінің есімін иеленіп тұрған көшелер, елдімекендер (Ленин кенті сынды) баршылық. Міне, Шәкерім Құдайбердіұлының есімі солардың орнын басуы тиіс. Сондай-ақ, семейліктер ғұлама отыз жыл көмілген Керегетас саласындағы құрқұдықтың маңына ескеркіш орнатып, зар заманның құрбаны болған баба есімін әйгілесе артықтық етпес еді.

Сонда қазақтың ұлы әдебиетінің биік шыңы, тарих тудырған тау тұлға Шәкерім Құдайбердіұлы тәмсілдеген даналық кешегі, бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың еншісінде қалары хақ!

Сая МОЛДАЙЫП, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Павлодар.

Осы тақырып бойынша

Құрқұдық - Yvision.kz